
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, зор денсаулық, бақыт және игі бастамаларына сәттілік тіледі.
«Құрметті қазақстандықтар, ардақты отандастар!
Сіздерді табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын айтулы мереке – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Жер-дүниені бусандырған бұл шуақты мейрам – ақ түйенің қарны жарылған ұлыс күні ғана емес, ол – жақсылыққа деген үміт пен игі өзгерістердің нышаны.
Ел дамуының маңызды кезеңіне жол ашқан жаңа Конституцияны іске асыру туралы Жарлыққа Президенттің дәл осы мереке қарсаңында қол қоюы ерекше мәнге ие.
Бұл тарихи құжат әділдік қағидаттары, тең мүмкіндіктер, сондай-ақ адамға, оның еңбегіне деген ерекше құрметке негізделген.
Осы құндылықтарды басшылыққа ала отырып, біз нәтижелі жұмыспен қамтуды дамытуға, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға, өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыруға баса назар аударамыз. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азамат мемлекеттің қамқорлығын сезініп, оң өзгерістердің куәсі болуы.
Әз-Наурыз әр шаңыраққа жылулық, қуаныш, бірлік пен бақ-береке әкелсін!
Баршаңызға мықты денсаулық және бақыт тілеймін!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» - деп құттықтады министр Асқарбек Ертаев.