
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мүгедектікті белгілеу мәселелері бойынша тексерулерді бастады. Тексерулер еліміздің барлық аумағындағы аумақтық бөлімшелерді қамтиды.
Оны жүргізуге Атырау облысында азаматтарды сырттай проактивті куәландыруға жолдау кезінде құқық бұзушылық белгілері бар фактілердің анықталуы негіз болды. Қолда бар материалдарға сәйкес, медициналық ұйымның жекелеген қызметкерлері мен дәрігерлік-консультациялық комиссия төрағасының әрекеттерінде медициналық құжаттамаға ашықтан-ашық жалған мәліметтер енгізу белгілері байқалады.
Аталған фактілер бойынша материалдар құқықтық баға беру және заңнамада белгіленген тәртіппен процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектікті белгілеу рәсімдерінің заңдылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады. Материалдарды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады.