Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базасында «DIGITAL NAURYZ» IT-бағдарламасы басталды

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базасында «DIGITAL NAURYZ» IT-бағдарламасы басталды

2026 жылғы 16-20 наурыз аралығындағы «Наурызнама» онкүндігі аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) бейінді «DIGITAL NAURYZ» IT-бағдарламасын өткізеді. Іс-шара ведомство қызметкерлерінің цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға және әлеуметтік-еңбек саласын одан әрі цифрландыру бойынша практикалық бастамаларды әзірлеуге бағытталған.

Іс-шара ҚР ЕХӘҚМ тарапынан «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) алаңында ұйымдастырылды.

Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік органның жұмысына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізу. Бес күн ішінде әлеуметтік-еңбек саласының қызметкерлері үшін бейінді IT-сарапшылардың қатысуымен бірқатар мамандандырылған білім беру және практикалық сессиялар өткізіледі.

IT-бағдарлама ведомствоның міндеттерін шешуде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін зерделеуді, заманауи аналитикалық құралдар мен жүйелермен жұмыс істеуді меңгеруді, сондай-ақ ішкі жұмыс процестерін оңтайландыру және автоматтандыру бойынша бастамаларды әзірлеуді қамтиды. Сонымен қатар, іс-шара аясында қатысушыларды әлеуметтік саладағы озық цифрлық шешімдермен таныстыру мақсатында Ашық есік күні ұйымдастырылды.

Бағдарлама 20 наурызда сессиялар жұмысының қорытындысын шығарумен аяқталады. «DIGITAL NAURYZ» IT-бағдарламасы барысында жинақталған тәжірибе мен қатысушылар айтқан идеялар қызметкерлердің цифрлық құзыреттерін одан әрі арттыруға және ведомствоның жұмыс процестерін жалпы жетілдіруге ықпал етеді деп күтілуде.