Асқарбек Ертаев ерекше балалардың ата-аналарымен инватакси қызметтері мәселелері бойынша кездесу өткізді

Асқарбек Ертаев ерекше балалардың ата-аналарымен инватакси қызметтері мәселелері бойынша кездесу өткізді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен және қоғамдық бірлестіктердің көшбасшыларымен екінші кеңейтілген жұмыс кездесуін өткізді. Талқылаудың негізгі тақырыбы инватакси қызметтері тиесілі мүгедектігі бар адамдар үшін медициналық көрсетілімдер тізбесін әзірлеу болды. Кездесу конструктивті түрде өтті.

Кездесуге сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова, Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова, мемлекеттік органдардың бейінді департаменттерінің өкілдері қатысты. Диалогты мұндай форматта өткізуге қоғамдық ұйымдардың көптеген өтініштері негіз болды.

Талқылау барысында мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына қандай аурулар мен бұзылыстар кезінде мүгедектігі бар жандар инватакси қызметін алуға шынымен мұқтаж болатыны жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірмелер берілді, соның ішінде арбамен (кресло-арбамен) қозғалған жағдайда арнайы бейімделген көлікпен тасымалдау мәселесі де қамтылды.

Кездесуге қатысушылар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп дайындалған медициналық көрсетілімдердің жаңартылған тізбесін талқылады. Инватакси қызметін пайдалану құқығын беру туралы шешімдерді медициналық қорытындылар негізінде дәрігерлік-консультациялық комиссиялар қабылдайды.

Талқылау барысында осы қызметті қаржыландыру тетіктеріне жеке назар аударылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев инватакси қызметін пайдалану құқығын беретін нозологиялар тізбесін жаңарту оны алушылар шеңберін кеңейтуді көздейтінін хабарлады. Бұл ретте қызметті жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат шегінде ұсынады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету қағидаларын негізгі әзірлеуші ретінде Көлік министрлігіне бұйрық жобасына енгізу үшін ұсыныстарды жібергені атап өтілді. Алдағы уақытта құжат мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен келісу рәсімінен өтеді.