
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ҚР Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобының формальды емес жұмыспен қамту мәселелеріне арналған отырысына қатысты. Кездесу барысында ведомство басшысы көлеңкелі жұмыспен қамту статистикасын жариялап, еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша бірқатар шараларды ұсынды.
«Өңір» депутаттық тобының басшысы Серік Шайдаровтың төрағалығымен өткен отырысқа Сенат депутаттары, «Атамекен» ҰКП өкілдері және өңір әкімдерінің орынбасарлары да қатысты.
Асқарбек Ертаев өз баяндамасында формальды емес жұмыспен қамту еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізетінін атап өтті. Ведомство мәліметінше, Қазақстандағы жұмыс күшінің жалпы саны 9,7 млн адам болғанымен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша міндетті зейнетақы жарналарын кем дегенде бір рет 6,7 млн адам аударған, оның 5,3 млн-ы – жалдамалы жұмыскерлер және 1,4 млн-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
«Тиісінше, шамамен 3 млн адамның зейнетақы аударымдары жоқ, бұл ресми статистика көрсеткіштерінен айтарлықтай асып түседі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың басында формальды емес жұмыспен қамту деңгейі жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 12%-ын немесе 1,1 млн-нан астам адамды құрады. Жалпы алғанда, бұл жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі бейресми жұмыс істейтінін немесе өзінің нақты табысын жасыратынын білдіреді», – деп хабарлады министр.
Көлеңкелі экономикаға өту себептеріне тоқтала келе, ЕХӘҚМ басшысы мерзімі өткен берешектердің болуы және банк шоттарының бұғатталуы азаматтарды өз табыстарын жасыруға және формальды емес жұмыспен қамтуға жиі итермелейтінін баса айтты. Ресми статистика бойынша 7,1 млн жалдамалы жұмыскердің ішінен Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕБЖ) тек 4,1 млн адамның ғана шарттары тіркелген.
Жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу және заңды жұмыспен қамтуды ынталандыру мақсатында Министрлік цифрландыруға баса назар аударады. Атап айтқанда, «Электрондық еңбек биржасы» порталында жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарлануда. Арнайы ЖИ-агент ізденушілер үшін олардың дипломындағы мамандығын ескере отырып, проактивті түрде лайықты бос жұмыс орындарын іріктеп, жұмыс іздейтін болады. Жаңа алгоритм қазақстандықтарды жұмыс іздеу процесінде толық жеке сүйемелдеуді қамтамасыз ете отырып, бос жұмыс орындарын іріктеу мәселелері бойынша адам мен жасанды интеллект арасындағы тұрақты кері байланысты көздейді.
Сенат депутаты Әсем Рахметова өз сөзінде формальды емес жұмыспен қамтуды қысқарту құрғақ статистиканы жақсарту ғана емес, азаматтардың өмір сүру сапасын нақты арттыру екенін баса айтты. Әлеуметтік қорғалған қоғам құру үшін өңірлерде жаңа өндірістерді белсендірек ашып, жастарды кәсіби біліммен қамту және халықтың әлеуметтік осал санаттарын заңды экономикаға тарту қажет.
Өз кезегінде Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов мемлекеттік кірістер органдарының өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін заңдастыру жөніндегі жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, ол ҚР ЕХӘҚМ-мен бірлесіп іске асырылған платформалық жұмыспен қамту бойынша табысты пилоттық жоба туралы айтып берді. Бұл тетіктің арқасында 43 мыңнан астам такси жүргізушісі арнайы салық режимін қолдана отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Платформалық жұмыскерлерді көлеңкелі айналымнан одан әрі шығару үшін цифрландыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда: бүгінгі таңда Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері 31 интернет-платформамен интеграцияланған.
Одан кейін сөз алған «Атамекен» ҰКП Төралқасы Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Олжас Ордабаев қатысушылардың назарын көлеңкелі жұмыспен қамту мен халықтың несиеге батуының тікелей байланысына аударды.
Оның мәліметінше, 2025 жылға қарай 1 383 896 қазақстандықтың банктер мен МҚҰ алдында 90 күннен астам мерзімі өткен несие берешегі бар, олардың 76,7%-ы – 18-ден 49 жасқа дейінгі белсенді еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Проблемалық қарыздар мен бұғатталған шоттардың болуы ресми жұмысқа орналасуға кедергі келтіреді. Спикер заңды, «ресми» табысты борышкерлер үшін қауіпсіз әрі экономикалық тұрғыдан тиімді ету мақсатында жұмыспен қамту саясатын «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қарызды оңалту тетіктерімен жүйелі түрде байланыстыруды ұсынды.
Отырыс қорытындысын түйіндей келе, қатысушылар тиімді мемлекеттік саясат тек бақылауды күшейтуге ғана емес, сонымен қатар цифрлық құралдарды дамыту, заңнаманы жетілдіру және халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы жұмыспен қамтуды заңдастыру үшін ынталандырушы жағдайлар жасауға бағытталуы тиіс деген ортақ пікірге келді. Кездесу барысында айтылған ұсыныстар алдағы жұмыста назарға алынатын болады.