Жүйелі бұзушылықтар анықталды: «QSR» ЖШС (Burger King) қызметіне қатысты жоспардан тыс тексеру аяқталды

Жүйелі бұзушылықтар анықталды: «QSR» ЖШС (Burger King) қызметіне қатысты жоспардан тыс тексеру аяқталды

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті «QSR» ЖШС-не (Burger King) қатысты жүргізілген жоспардан тыс тексеруді аяқтады. Тексеру қызметкер Қаратай Әлібектің өтініші негізінде жүргізілді.

Тексеру барысында өтініш берушінің уәждері толықтай расталды.

Жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының талаптарын жүйелі түрде сақтамау фактілері анықталды. Атап айтқанда, жұмыскерлердің келісімінсіз жалақыдан заңсыз ұстап қалу, жалақыны жүйелі түрде кешіктіру, нақты жұмыс істеген уақытты есепке алмау және мереке әрі демалыс күндеріндегі еңбекақыны жоғарылатылған мөлшерде төлеу талаптарын сақтамау фактілері тіркелді. Сонымен қатар, ауысым кестелері жұмыскерлерге заңмен белгіленген мерзімдерді бұза отырып жеткізілген.

Сондай-ақ инспекторлар компанияның жұмыскерлерді қажетті арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпегенін, ал персоналдың еңбекті қорғау бойынша міндетті нұсқамалардан өтпей-ақ өз міндеттерін орындауға жіберілгенін анықтады.

Тексеру қорытындысы бойынша «QSR» ЖШС-не барлық анықталған бұзушылықтарды міндетті түрде жою туралы нұсқама берілді.

Заңды тұлғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87, 93 және 94-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Жағдай жұмыскерлердің еңбек құқықтары толық қалпына келтіріліп, берілген нұсқамадағы шаралар орындалғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауында болады.