Еңбекминінде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы төлемдер тағайындау және Мемлекеттік аннуитеттік компанияны дамыту жоспарлары талқыланды

Еңбекминінде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы төлемдер тағайындау және Мемлекеттік аннуитеттік компанияны дамыту жоспарлары талқыланды

Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті, онда арнайы әлеуметтік төлемдерді (бұдан әрі – АӘТ) тағайындаудың негізгі мәселелері, «МАК» ӨСҚ» АҚ-ның 2026 жылға арналған жұмысының негізгі бағыттары және басқа да мәселелер қаралды.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген қазақстандықтарға АӘТ тағайындау бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген бұл қолдау шарасы 55 жастан асқан азаматтар зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатқан кезде жүргізіледі. 2026 жылдың наурыз айының басындағы жағдай бойынша төлемдер 21 мыңнан астам жұмыскерге тағайындалды.

Сонымен қатар Комитет басшысы төлем алушылар тап болатын бірқатар түйткілді мәселелерді атап өтті: төлемдердің жұмыс берушілер тарапынан берілетін бөлігі бойынша берешектерінің болуы, жұмыскерді жұмыстан босату немесе ауыстыру кезінде сақтандыру шарттарының болмауы, сондай-ақ сақтандыру компанияларымен шарттар жасасуды ұзақ (60 күннен астам) күту.

Министрлік жұмыскерлердің құқықтарын қорғау үшін ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынады. Атап айтқанда, мемлекеттік еңбек инспекцияларына кәсіпорындардың АӘТ бойынша берешегін тексеру функцияларын беру, сондай-ақ төлемдердің уақтылы жүргізілуі бойынша жұмыс берушілердің қатаң жауапкершілігін белгілеу жоспарлануда.

Күн тәртібіндегі тағы бір негізгі мәселе – «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ (бұдан әрі – МАК) дамыту жоспарлары. Кеңес барысында атап өтілгендей, 2026 жылы компания сақтандыру сыйлықақылары түсімдерінің көлемін 13,7 млрд теңге деңгейінде қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Жоспарланған бұл көлемдер Demeu жинақтаушы өмірді сақтандыру өнімін ілгерілетуге, зейнетақы аннуитеттерін қайта іске қосуға, сондай-ақ қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандырумен қамтуды кеңейтуге байланысты.

Сондай-ақ теңгерімді сақтандыру қоржынын қалыптастыру, сақтандыру тәуекелдерін әртараптандыру үшін Компания ағымдағы жылдың екінші тоқсанында қайта сақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензия алу бойынша жұмыс жүргізуде, бұл нарықтың басқа қатысушыларынан қайта сақтандыруға тәуекелдерді тікелей қабылдауға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы МАК жұмысының басты стратегиялық бағыттарының бірі – компания базасында Тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру қорын құру болмақ. Бұл міндетті іске асыру үшін жарғылық капиталды ұлғайту, ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу және ҚР Үкіметінің тиісті қаулысын әзірлеу жоспарланған. Бұдан бөлек компания есеп беру нысандарын автоматтандыруды және Solvency II тәуекел-менеджментінің халықаралық стандарттарының элементтерін енгізуді жалғастырады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев аппараттық кеңесті қорытындылай келе, бейінді құрылымдық бөлімшелерге белгіленген жоспарлардың уақтылы әрі сапалы орындалуы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді, АӘТ бойынша түйткілді мәселелерді шешуді ерекше бақылауға алды.