
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев барша қазақстандық әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады:
«Қадірлі аналар, ардақты ханымдар мен арулар!
Сіздерді шуақты көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты туралы сөз қозғағанда, біз ең алдымен әр шаңырақтың алтын діңгегі болып отырған әйел затын, отбасы мен қызметті, ұрпақ тәрбиесі мен жақындарға қамқорлықты қатар алып жүрген аналарымызды мақтан тұтамыз. Қоғамдағы үйлесім мен мемлекеттегі тыныштық - Сіздердің парасаттылықтарыңыз бен жүрек жылуларыңызға тікелей байланысты.
Сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандарға айтар алғысым шексіз. Сіздердің жанашырлықтарыңыз, кәсіби біліктіліктеріңіз бен адам тағдырына деген бейжай қарамайтын ыстық ықыластарыңыз күн сайын мыңдаған отандасымызға өмірлік қиындықтарды еңсеруге, ертеңгі күнге деген үмітін оятып, сенімін нығайтуға септігін тигізіп келеді. Осынау игі іске қосып жатқан сүбелі үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, ашық аспан, баянды бақыт тілеймін!» - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.