
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде министр Асқарбек Ертаевтың мүгедектігі бар адамдар қатарындағы белсенділермен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету, жүріп-тұру құралдарына сервистік қызмет көрсету және оларды іріктеу мәселелеріне арналды.
Кездесу барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қатысушыларды министрлік желісі бойынша іске асырылып жатқан мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы хабардар етіп, келіп түскен сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.
Кездесуге «ДОС» Тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Дина Ерділдинова (Астана қ.), «Ерлік» МҚБ төрайымы Роза Ақжаркенова (Талдықорған қ.), «InvaPark» инклюзивті қызметтер индустриясы» ҚБ және «Social Services» ЖШС өкілі Құралай Бәйменова (Ақтөбе қ.) сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі, «ITeachMe» Қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиева қатысты.
Тараптар мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету, жүріп-тұру құралдарына сервистік қызмет көрсету және оларды іріктеу, инватакси қызметінің және Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы, соның ішінде олардың қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
«Біз үшін мүгедектігі бар адамдармен және қоғамдық бірлестіктермен ашық диалог құру маңызды. Әлеуметтік қолдау саласындағы шешімдер мүгедектігі бар адамдардың нақты қажеттіліктеріне негізделіп, олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс», – деп атап өтті министр.
Барлық сұрақтар бойынша қолданыстағы заңнама аясында түсініктемелер берілді. Мұндай кездесулер тұрақты түрде, оның ішінде еліміздің өңірлерінде де өткізілетіні атап өтілді.