
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кездесу барысында арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізудің аралық қорытындылары, жергілікті әлеуметтік көмекті оңтайландыру процестері және еңбекті қорғау саласындағы оқытудың жаңа тәсілдері талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігіне көшу барысы туралы баяндады. Бұл шара қызметтердің сапасын арттыруға және қаражаттың жұмсалу ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі таңда республика бойынша жаңа форматта 464 шарт жасалды, оның 337-сі мемлекеттік мекемелерге (бұдан әрі – КММ) және 127-сі үкіметтік емес ұйымдарға (бұдан әрі – ҮЕҰ) тиесілі.
Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмекті біріздендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Елдің аймақтарында 200-ден астам маслихат шешімдері талдануда. Аталмыш жұмыстың басты мақсаты – жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан берілетін әлеуметтік көмек түрлерін жетілдіру.
Кеңестің қорытынды блогы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және білімді тексеру қағидаларына түзетулерді қарау болды. 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ведомство оқыту және білімді тексеру рәсімдерін нақты ажыратуды, оқу орталықтарына қойылатын біліктілік талаптарын күшейтуді, сондай-ақ объективті бақылау үшін Бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құруды жоспарлап отыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі аппараттық кеңестің қорытындысын шығара келе, бейінді департаменттерге осы бағыттардың іске асырылуына қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.