
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Орталық Азиядағы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының (БҰҰ БЖКБ) Өкілі Махир Сафарлимен кездесу өткізді. Тараптар пана іздеуші адамдардың құқықтарын қорғау, көші-қон заңнамасын жетілдіру саласындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Келіссөздер барысында Қазақстанның баспана берудің ұлттық жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес дәйекті түрде дамытып келе жатқаны атап өтілді. 1998 жылдан бері еліміз БҰҰ-ның «Босқындар мәртебесі туралы» конвенциясына қатысушы болып табылады, ал негізгі қағидаттар – күштеп қайтармау, кемсітушілікке жол бермей және ізгілік қатаң сақталады және ұлттық заңнамада бекітілген.
Мемлекет жүйелі түрде азаматтардың бұл санаты үшін Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде тегін медициналық қызмет көрсетуге, білім беру қызметтеріне және әлеуметтік қолдау шараларына қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ қосымша рұқсаттарсыз еңбек ету құқығын іске асырады.
Кездесу аясында тараптар пана іздеуші адамдардың мемлекеттік шекараны кесіп өтуі кезіндегі іс-қимыл алгоритмінің практикалық мәселелерін, сондай-ақ алдағы халықаралық іс-шараларға дайындық барысын егжей-тегжейлі қозғады.
Келіссөздер соңында қатысушылар босқындар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтарын қорғаудың өңірлік жүйесін нығайту бойынша одан әрі сындарлы диалог пен бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін білдірді.