Еңбекминінің Алқа отырысында көші-қонды реттеудің және білікті кадрларды тартудың жаңа тәсілдері туралы айтылды

Еңбекминінің Алқа отырысында көші-қонды реттеудің және білікті кадрларды тартудың жаңа тәсілдері туралы айтылды

Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Алқасының кеңейтілген отырысы барысында көші-қон процестерін реттеу мәселелері қаралды. Ведомство сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды тартуға, қызметтерді цифрландыруға және жұмыс күші тапшы өңірлерге ішкі көші-қонды ынталандыруға басты назар аударды.

Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде мемлекеттік көші-қон саясаты ұлттық экономиканың қажеттіліктеріне бағдарланған барынша прагматикалық модельге көшуде. Осы мақсатта 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді, ол көші-қонды реттеудегі ұзақмерзімді бағыттарды анықтайды. Айтылғандай, 2025 жылғы қорытынды бойынша сыртқы көші-қон сальдосы оң динамика көрсетті және +16,1 мың адамға дейін өсті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев өз баяндамасында иммигранттарды қабылдау кезінде тек шығу тегі факторын ғана емес, сонымен қатар келетін азаматтардың кәсіби әлеуетін бағалау басым бағытқа айналып отырғанын хабарлады. Ішкі еңбек нарығында сұранысқа ие бейіндік білімі, жұмыс тәжірибесі мен құзыреттері бар жоғары білікті мамандарға сөзсіз басымдық берілетін болады. 2030 жылға қарай келетін азаматтар арасындағы білікті кадрлардың үлесін 95%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Осы тәсілдерді іске асыру үшін Министрлік «migration.enbek.kz» мамандандырылған платформасы базасында пилоттық жобаны іске қосты. Пилот аясында тұрақты тұруға рұқсат беру және «қандас» мәртебесін беру жөніндегі қызметтер иммигранттың әлеуетін кешенді бағалау (скоринг) негізінде көрсетіледі.

Сонымен қатар, көші-қон ағындарын кешенді электронды мониторингтеу және есепке алу мақсатында «Көші-қон полициясы» АЖ негізінде шетелдік азаматтарды есепке алудың біртұтас цифрлық архитектурасын құру туралы шешім қабылданып, оны QazETA ақпараттық жүйесімен қатар қолдану көзделген.

«Шетелдік жұмыс күші үшін алымдар мөлшерлемелерін қайта қарауды, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін қатаң реттеуді және шешім қабылдау кезінде цифрлық скорингті толық ауқымды енгізуді көздейтін заң жобасы дайындалды. Біздің міндетіміз – отандық жұмыскерлердің мүдделерін қорғайтын және экономиканы қажетті кадрлармен қамтамасыз ететін ашық жүйе құру», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Министрлік сыртқы ағындарды реттеумен қатар, ішкі көші-қонды басқару бойынша жұмысты күшейтуде. Демографиялық теңгерімді қамтамасыз ету және кәсіпорындардың кадрлық тапшылығын жабу мақсатында азаматтарды еліміздің жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлеріне қоныс аударуды ынталандыру жөніндегі Жол картасы қатар іске асырылуда. Қазірдің өзінде бұл аймақтарға халық ағынының өсуі байқалуда: 2025 жылғы қорытынды бойынша ішкі мигранттардың жалпы санының 14,7%-ы өңірлер аралық қоныс аударуға қатысты. Жаңа Тұжырымдама аясында болашақтағы негізгі міндеттердің бірі – еңбекке қабілетті қоныс аударушылар мен қандастарды 100% жұмыспен қамту.

Алқаға қатысушылар аталған блокты талқылауды түйіндей келе, басқарылатын және ашық көші-қон жүйесін құру өңірлік еңбек нарықтарын тиімді теңдестіруге және заңсыз еңбек көші-қоны тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.