Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысы барысында ведомствоның 2025 жылғы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыс қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер белгіленді. Басты назарда – Қазақстан Республикасындағы Инклюзивті саясаттың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру, мүгедектікті белгілеу рәсімдерін цифрландыру және қолжетімді кедергісіз орта құру.
Әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу және барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мемлекеттің стратегиялық басымдықтары болып айқындалды. Бүгінгі таңда елімізде 751,8 мың мүгедектігі бар адам тұрады, бұл халықтың жалпы санының 3,7%-ын құрайды.
Министр Асқарбек Ертаев өз баяндамасында мемлекеттік қызметтерді көрсету рәсімдерін оңтайландыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында Министрлік медициналық-әлеуметтік сараптаманы (бұдан әрі – МӘС) белсенді цифрландыруды жалғастырып жатқанын хабарлады. Сырттай проактивті форматты енгізудің арқасында 2025 жылы 113,1 мың азаматқа мүгедектік автоматты түрде белгіленді, бұл шығарылған шешімдердің жалпы санының шамамен жартысын құрайды.
«Сараптама жүргізу кезінде деректерді талдаудың цифрлық құралы ретінде жасанды интеллект моделін сынақтан өткізу басталды. Бұл өтініштерді өңдеуді жеделдетуге, адами фактордың әсерін айтарлықтай төмендетуге және сарапшылық шешімдердің объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Министрлік мүгедектікті белгілеу үдерістерінің толық ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп ақпараттық деректер базаларын интеграциялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Аталған шара бастапқы емханалық буын деңгейінде бақылауды күшейтіп, негізсіз шешімдер қабылдау фактілерін толықтай болдырмауға мүмкіндік береді.
Ведомство мүгедектігі бар адамдарды сапалы оңалтудың техникалық құралдарымен (бұдан әрі – ОТҚ) қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ОТҚ және қызметтермен қамтамасыз ету бойынша 570,8 мың іс-шара іске асырылды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштерден 11%-ға артық. Азаматтарға қолайлы болу үшін көру және есту қабілеті төмен пайдаланушыларға бейімделген Aleumet мобильді қосымшасы енгізілді.
Мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлескен жоба жоғары нәтижелер көрсетті. 508 бала инновациялық құралдармен қамтамасыз етілді. 361 балада оң динамика тіркеліп, оның ішінде 23-і өз бетінше жүру дағдысына қол жеткізді.
Инклюзивті саясаттың маңызды индикаторы кедергісіз ортаны қамтамасыз ету болып табылады. 2025 жылы еліміз бойынша ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 27 307 нысан (64%) бейімделді. 2026 жылы инфрақұрылымды бейімдеу деңгейін 80%-ға (34 320 нысан) дейін жеткізу жоспарлануда. Министрлікпен нысандарды пайдалануға формалды түрде қабылдауды толық жою үшін жергілікті атқарушы органдар жүргізетін жұмыстардың сапасын бақылау күшейтілді.
Мүгедектігі бар адамдарды экономикаға тарту шеңберінде ағымдағы жылы жұмыс берушілер үшін жұмыс орындарының квоталарын белгілеу және бақылау процесі толығымен автоматтандырылатын болады.
Сонымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтерді (АӘҚ) көрсету жүйесін трансформациялау жалғасуда. Күтімнің тиісті сапасын қамтамасыз ету үшін міндетті лицензиялау енгізілді – бүгінгі таңда елімізде 603 лицензияланған ұйым жұмыс істейді. Жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігіне көшу мемлекеттің қызметтерді нақты алушыға нақты қызмет көрсету фактісі бойынша қатаң түрде төлейтіндігіне кепілдік береді.
Алқаға қатысушылар талқылау қорытындыларын түйіндей келе, Инклюзивті саясат тұжырымдамасын толық ауқымды іске асыру мүгедектігі бар адамдарды қоғам өмірінің барлық салаларына ықпалдастыруға бағдарланған әділ, ашық және тиімді қолдау жүйесін құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.