ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысы барысында ведомствоның 2025 жылғы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жұмыс қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған басымдықтар белгіленді. Басты назарда – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік көмектің қатаң атаулылығын және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Мемлекет Басшысы қойған стратегиялық міндеттерді іске асыру шеңберінде әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясат атаулылық, әділеттілік және азаматтардың еңбек белсенділігін ынталандыру қағидаттарында құрылады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев негізгі баяндамашы ретінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындағанын хабарлады.
Әлеуметтік төлемдерге 5,9 трлн теңге бағытталды, бұл республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 23%-ын құрады. Жыл сайынғы индекстеу аясында зейнетақылар мен жәрдемақыларды арттыру 4,6 млн азаматты қамтыды, бұл олардың сатып алу қабілетін сенімді қорғауға мүмкіндік берді. 2025 жылы ынтымақты зейнетақылар 8,5%-ға өсті, ал базалық зейнетақы 6,5%-ға индекстелді.
2026 жылы әлеуметтік төлемдердің кезең-кезеңімен өсу саясаты жалғасатын болады. Министрліктің жоспарланған шығыстарының жалпы көлемі 6,9 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118%-ына дейін ұлғайтылды, ал зейнетақылар мен жәрдемақыларды жыл сайынғы индекстеу 10%-ды құрады.
Бүгінгі таңда көмек көрсетудің негізгі құралы ретінде халықтың 100%-ын қамтитын Отбасының цифрлық картасы жұмыс жасайды. Қызметтерді проактивті форматқа ауыстырудың арқасында 2025 жылы 1,2 млн қазақстандық анықтамалар жинамай-ақ, «бір батырма» көмегімен мемлекеттік қолдауға ие болды.
Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) көрсету жүйесінде азаматтарды еңбекке ынталандыру және олардың экономикалық дербестігін дамыту жөніндегі шаралар күшейтілді. Қолданылып жатқан цифрлық құралдар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартудың проактивті форматын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылардың саны – 292 адам.
«Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету, сонымен бірге біз мұқтаж азаматтарға әлеуметтік игіліктерді әділ бөлу арқылы адал салық төлеушілердің мүдделерін қорғауға тиіспіз. Негізгі міндет – деректерге негізделген және нақты нәтижеге бағдарланған әлеуметтік қолдаудың басқарылатын, ашық әрі атаулы жүйесін құру», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығын қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдауды негізсіз алу фактілерінің алдын алу мақсатында Министрлік негізсіз төлемдерді болдырмау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай 2025 жылы 16,9 мың электрондық зейнетақы ісінің макеттеріне мониторинг жүргізілгенін хабарлады. Оның қорытындысы бойынша 497 іс бойынша шынайы емес мәліметтер мен құжаттарды ұсыну фактілері расталды. Аталған істер бойынша қайта есептеу жүргізілді.
Сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерді (бұдан әрі – АӘҚ) көрсету жүйесін трансформациялау жалғасуда. Бүгінгі таңда жан басына шаққандағы қаржыландырудың жаңа тетігі аясында 436 орталық, немесе олардың жалпы санының 71%-ы қызмет көрсетеді. Бұл форматқа көшу мемлекетке белгілі бір қызмет бойынша нақты азаматтың алу фактісі бойынша ғана ақы төлеуге мүмкіндік береді, бұл да тиімсіз шығындарды болдырмайды.
Отырыстың жеке блогы міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелеріне арналды. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті Алмас Құрманов 2025 жылдың қорытындысы бойынша жүйенің толық қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етілгенін хабарлады. Әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесін 5% деңгейіне қайтару және әкімшілендіруді күшейту есебінен Қорға түсетін түсімдер 50%-ға өсіп, 960 млрд теңгеге жетті. Әлеуметтік төлемдер көлемі 922,4 млрд теңгені құрады. Қабылданған шаралар 2024 жылы қалыптасқан кассалық алшақтықты толығымен жоюға мүмкіндік берді. 2026 жылы МӘСҚ жұмысы Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес төлем параметрлерін үйлестіруге бағытталатын болады.
«Әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтардың еңбек белсенділігін бір мезгілде ынталандыра отырып, әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде оларды қолдауға бағытталған. Әлеуметтік төлемдер табысы жоғары азаматтардың жоғалтқан табысын жүз пайыз алмастырмауы тиіс. Біздің міндетіміз – жүйенің сақтандыру логикасын қалпына келтіру, оның әділеттілігін арттыру және қаржы ресурстарының тиімді қайта бөлінуін қамтамасыз ету», – деді Алмас Құрманов.
Талқылау қорытындыларын түйіндей келе, Алқаға қатысушылар әлеуметтік қорғауды күшейту мен азаматтардың өзара жауапкершілігін арттыру арасында құрылған теңгерім әлеуметтік-еңбек саласын одан әрі дамыту үшін берік іргетас болатынын атап өтті.