ҚР ЕХӘҚМ Алқа отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары мен ЖИ негізіндегі Цифрлық қызметті енгізу туралы айтылды

ҚР ЕХӘҚМ Алқа отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары мен ЖИ негізіндегі Цифрлық қызметті енгізу туралы айтылды

Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысы барысында ведомствоның 2025 жылғы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету салаларындағы жұмыс қорытындылары қаралып, 2026 жылға арналған басым міндеттер белгіленді. Жұмысқа орналасуды объективті мониторингтеуге, адами капиталды дамытуға, өндірістік жарақаттануды төмендетуге және жасанды интеллект базасындағы Цифрлық жұмыспен қамту қызметін толық ауқымды енгізуге ерекше назар аударылды.

Алқа жұмысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Аида Балаева қатысты. Ол өз сөзінде мемлекеттік саясаттағы тәсілдердің іргелі өзгеруін атап өтті: алғаш рет Конституция деңгейінде адами капиталды дамыту стратегиялық бағыт ретінде бекітілді. Вице-премьер мемлекеттің басты ресурсы ретінде адам, оның біліктілігі мен еңбек ету қабілеті танылатынын, осыған байланысты сапалы жұмыс орындарын құру мәселелері ұлттық стратегия дәрежесіне өтетінін еске салды.

Еңбек министрлігінің негізгі стратегиялық басымдығы – халықты өнімді жұмыспен қамтамасыз ету. Министр Асқарбек Ертаев бұл бағыттағы жұмыс Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатқанын хабарлады. Құжаттың негізгі макроиндикаторы – 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға жеткізу.

2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикада осындай 2,9 миллион жұмыс орнының қолданысы қамтамасыз етілді. Олардың негізгі өлшемшарттары өңір бойынша медианалық жалақыдан төмен емес жалақы деңгейі, кемінде 6 ай тұрақты жұмыспен қамтылу, өндірістік жарақаттанудың төмен деңгейі және міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты аударылуы болып табылады.

«Біз күш-жігерімізді нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс ондарын құру және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру бағытына жұмсауымыз қажет. Өткен жылдан бастап жұмысқа орналасу мониторингі тек міндетті зейнетақы жарналары туралы деректер негізінде жүзеге асырылуда. Бұл бізге формалды есепке алуды толығымен жоя отырып, нақты жұмыспен қамтылуды объективті бағалауға көшуге мүмкіндік берді», – деді Асқарбек Ертаев.

2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында NEET санатындағы жастармен қоса есептегенде 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде 280 мыңы жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына, 116,1 мыңы – «100 жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жіберіледі, 112,1 мың азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылады, ал 39,5 мыңы ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасады.

Жұмыс берушілердің формалды қатысуын болдырмау үшін 2026 жылғы 1 сәуірден бастап субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға меншік нысанына қарай сараланған тәсілдер қолданылады. Сондай-ақ мемлекеттік бизнес-гранттарды беруді мониторингтеудің екі деңгейлі цифрлық жүйесі енгізілуде: бірінші деңгейде қаражаттың нысаналы пайдаланылуы қадағаланса, екінші деңгейде жобалардың ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен жұмыспен қамту деңгейі бағаланады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған квоталарды белгілеу үдерісі толық автоматтандырылатын болады.

Кадрларды даярлауға ерекше назар аударылады: 2026 жылы сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша (слесарьлар, электр мамандары, газбен кесушілер және т.б.) 10 мыңнан астам азаматты даярлау жоспарлануда. Skills.enbek платформасы арқылы 100 мыңға жуық адам оқытумен қамтылады, 500 мың оқушы Enbek.kz сайтында жұмыс іздеу дағдыларына үйретіледі, ал 100 мың оқушы Mansap.enbek платформасында кәсіптік бағдарлау диагностикасымен қамтылатын болады.

2026 жылы технологиялық трансформацияның маңызды кезеңі «ЖИ негізіндегі Цифрлық жұмыспен қамту қызметін» толық ауқымды енгізу болмақ.

Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы бірыңғай цифрлық алаң болып табылады, онда қазірдің өзінде 900 мыңнан астам жұмыс беруші және 3,3 миллионнан астам жұмыс іздеуші тіркелген. 2025 жылғы статистика көрсеткендей, азаматтар онлайн режимге белсенді түрде ауысуда: проактивті және электрондық форматтарда 1 млн 37 мың жұмыс іздеуші (жалпы санның 91%), 891 мың жұмыссыз (97%) тіркелді, ал жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем 158 мың адамға тағайындалды.

Министрлік 2026 жылы жұмыссыздықты тіркеуден оны ерте анықтауға және алдын алуға көшеді. Басты назар түлектерді, босатылатын жұмыскерлерді және зейнетақы жарналары тоқтатылған адамдарды мониторингтеуге аударылатын болады.

Деректер базасын біріктіру негізінде «азаматтың цифрлық профилі» қалыптастырылады. Оның базасында ЖИ-профильдеу моделі енгізіледі: жасанды интеллект дербес бағдарды (бос жұмыс орындары, қайта оқыту, субсидияланатын орындар) жеке таңдайтын болады. Азаматтармен өзара іс-қимыл eGov Mobile қосымшасындағы атаулы push-хабарламалар арқылы проактивті форматқа ауыстырылды. Ашықтыққа кепілдік беретін жұмысқа орналасуды ұдайы цифрлық верификациялау жүйенің қорытынды элементі болмақ.

Отырыстың жеке блогы еңбек қатынастарын реттеу және өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне арналды. 2025 жылы 505 мың ұйымды қамтыған мониторингтің жүйелі цифрлық моделі құрылды. Тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану әлеуметтік шиеленіс тәуекелі жоғары кәсіпорындар санын 11,8%-ға (1 715-тен 1 513 кәсіпорынға дейін) төмендетуге мүмкіндік берді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалақы бойынша берешек 92%-ға қысқартылды (2,85 млрд теңге төленді), 62,8 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, ал ереуілдер саны 2 есеге (21-ден 12 еңбек дауларына дейін) азайды.

Еңбекті қорғау саласында жүйелі профилактикалық шаралар өндірістік жарақаттану деңгейін 4,5%-ға (1 406-дан 1 345 адамға дейін) және өлім-жітімді 6,9%-ға (202-ден 188 адамға дейін) төмендетуге мүмкіндік берді. Белсенді заңды тұлғаларды жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамту 67%-ға жетті. 2026 жылы өндірістік нысандарды аттестаттаудан кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың толыққанды жүйесіне көшуді аяқтау (660 кәсіпорынды қамти отырып) жоспарлануда, бұл қауіп көздерін оқиғалар туындағанға дейін проактивті түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Алқа отырысына қатысушылар қалыптастырылған проактивті жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жүйесі адами капиталды дамыту және еңбек қатынастары саласындағы предиктивті бақылаумен ұштаса отырып, азаматтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруға, экономиканы нығайтуға және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге берік негіз болатынын атап өтті.