Еңбекминінде «Шеврон» корпорациясының өкілдерімен озыңқы қайта оқыту және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды

Еңбекминінде «Шеврон» корпорациясының өкілдерімен озыңқы қайта оқыту және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Шеврон» корпорациясы Еуразиялық бөлімшесінің персонал жөніндегі аға кеңесшісі Тифара Кейша Джонсон Гилбертпен кездесу өткізді. Тараптар инвестордың әлеуметтік бағдарламаларын жаңа мемлекеттік басымдықтармен үндестіру, адами капиталды дамыту және жұмыскерлерді ынталандырудың озық жүйелерін енгізу мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында «Шеврон» корпорациясының өкілдері өздерінің әлеуметтік бағыттағы бағдарламалары туралы баяндап, әлеуметтік-еңбек саласындағы бастамаларын Министрліктің 2026 жылға арналған стратегиялық мақсаттарына сәйкес бейімдеуге дайын екендіктерін білдірді. Инвестор қазақстандық мамандардың құзыреттерін одан әрі дамытуға және екіжақты диалогты нығайтуға ниетті.

ЕХӘҚМ басшысы проактивті жұмыспен қамту саясатына және озыңқы қайта оқыту орталықтарын құру қажеттілігіне ерекше назар аударды. Экономиканы трансформациялау және ірі жобалардағы белгілі бір кезеңдердің аяқталуы жағдайында инвесторлар штатты оңтайландыру ықтималдығы кезінде жұмыскерлердің болашақ тағдыры үшін әлеуметтік жауапкершілік алуы қажет.

Министр табысты мысал ретінде ERG компаниясының тәжірибесін келтірді. Компания қызметкерлерді босату кезінде оларды экономиканың басқа салаларында (мысалы, ауыл шаруашылығында) сұранысқа ие жаңа кәсіптерді меңгеру үшін алдын ала өз орталықтарына жібереді. «Шеврон» басшылығына осындай орталықтар ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

«Ірі жобаларды іске асыру циклдерін ескере отырып, біз азаматтарды жаңа кәсіптерге алдын ала дайындауымыз керек. Ықтимал оңтайландыру кезінде жұмыскерлер жұмыссыз қалмай, экономиканың басқа секторларына сенімді түрде ауысуы үшін біз озыңқы қайта оқыту моделін іске қосуды ұсынамыз. Егер компания осындай орталық ашу туралы шешім қабылдаса, Министрлік жан-жақты қолдау көрсетуге және бұл табысты тәжірибені таратуға дайын», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Келіссөздер барысында халықтың әлеуметтік осал санаттарының еңбек құқықтарын қорғауға жеке назар аударылды. Мәселен, ведомство деректері бойынша «Теңізшевройл» компаниясында мақсатты топтар қатарынан (көпбалалы ата-аналар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдар және диспансерлік есепте тұрған азаматтар) 436 жұмыскер еңбек етеді. Кез келген құрылымдық өзгерістер кезінде дәл осы қызметкерлер ерекше қорғауды және басымдықпен қайта оқытуды қажет ететіні атап өтілді.

Бұдан басқа, кездесуге қатысушылар еңбекақы төлеу жүйесіндегі заманауи үрдістерді талқылады. Министрлік өкілдері ресми еңбек өтіліне емес, тек жұмыстың нақты нәтижесіне бағдарланған сыйақы жүйелеріне көшу тәжірибесімен бөлісті. Мұндай тәсіл жұмыскерлерді біліктілігін үнемі арттыруға, тұлғалық дамуға және еңбек өнімділігін арттыруға ынталандыруға арналған.

Кездесу соңында тараптар еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық кадрлардың кәсіби әлеуетін дамыту бойынша сындарлы диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.