
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті, онда арнаулы әлеуметтік қызметтерді (бұдан әрі – АӘҚ) көрсету саласында жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу мәселелері, азаматтардың Байланыс орталығына өтініштерін талдау нәтижелері, сондай-ақ Қарағанды облысында өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.
АӘҚ жүйесін трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ЕХӘҚМ бейінді департаментінің директоры Ғазиза Иманғали баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар 381 тарифті бекітті, деректер «Е-Собес» цифрлық жүйесіне енгізілді. Тағы 73 тариф бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ұйымдар 534 өтінім дайындап, қызмет көрсетуге 421 шарт, оның ішінде 115-і – үкіметтік емес ұйымдармен, 306-сы – мемлекеттік мекемелермен жасасты.
Сонымен қатар кеңес барысында бірқатар өңірде шарттар жасасу бойынша жұмыстардың шикілігі атап өтілді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 22 шартқа, Алматы қаласында – 15, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 14-тен, Атырау және Қарағанды облыстарында – 13-тен, Түркістан облысында – 11, Жетісу облысында – 10, Астана қаласында 8 шартқа қол қойылмаған.
«Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялау шеңберінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тиімді бақылау үшін біз ақпараттық жүйелерді денсаулық сақтау және оқу-ағарту дерекқорларымен біріктіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл АӘҚ алушылардың үй жағдайында қызмет көрсетілді деп мәлімделген кезеңде ресми түрде медициналық ұйымдарда немесе шипажайларда болу фактілерін жедел анықтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті АӘҚ департаментінің басшысы.
Азаматтардың өтініштеріндегі ең өзекті тақырыптар жайында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) президенті Ерасыл Жұманбаев хабардар етті. Ол 2024 жылғы шілдеден бастап 1414 Байланыс орталығының мәселелер тізбесі әлеуметтік-еңбек саласының барлық бағыттарына кеңейтілгенін хабарлады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өтініштер саны 1 млн 95 мыңды құрады. Бірінші желі операторларының штаты 38 бірлікке дейін өсті, бір өтінішті өңдеудің орташа уақыты 2 минут 49 секундты құрады. Байланыс орталығына келіп түскен ең жиі қойылатын сұрақтар әлеуметтік төлемдерге (661 мың), еңбек қатынастарына (51,2 мың), халықты жұмыспен қамтуға (44,4 мың) және инклюзияға (24,3 мың) қатысты болды.
«Байланыс орталығы азаматтардың мемлекеттік сервистермен өзара іс-қимылының шынайы көрінісін көрсетеді. Тек соңғы үш жылдың ішінде өтініштер саны үш еседен артық өскен. Бұл ретте процестерді оңтайландырудың арқасында мақсатсыз қоңыраулардың үлесі 18,2%-ға дейін төмендеді. Келіп түсетін сұрау салуларды жүйелі талдау негізінде біз цифрлық сервистерімізді жақсарту бойынша тұрақты кезең-кезеңмен жұмыс жүргізудеміз», – деп атап өтті ЕРДО басшысы.
Одан кейін Қарағанды облысында өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментінің басшысы Медеу Ахметов баяндама жасады.
2026 жылдың басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары өңір кәсіпорындарында 87 тексеру жүргізді, оның барысында 56 бұзушылық анықталды. Жалпы сомасы 2 563 560 теңгеге 13 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өндірістік жарақаттанудың 17 фактісі тіркеліп, оның салдарынан 18 адам зардап шеккен. Алдын алу мақсатында облыс кәсіпорындарында 1018 техникалық инспектордың қатысуымен 793 өндірістік кеңес жұмыс істейді, 64 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасына қосылды.
Сондай-ақ отырысқа қатысушылар Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріндегі бақылау тапсырмаларының орындалу тәртібі туралы ақпаратты тыңдады. Аппараттық кеңес қорытындысы бойынша ведомство басшысы Асқарбек Ертаев тиісті бірқатар тапсырма берді.