
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвармен кездесу өткізді. Кездесу барысында ведомство мен халықаралық ұйым ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды.
Асқарбек Ертаев елімізде отбасылар мен балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау саласындағы түрлі жобаларды іске асыруда көрсеткен қолдауы үшін ЮНИСЕФ-ке алғысын білдірді. Атап айтқанда, ведомство басшысы ынтымақтастықтың негізгі нәтижесі атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) реформалау екенін, онда ЮНИСЕФ көмекке мұқтаж отбасыларды қамтуды кеңейткен медиандық табыс негізінде АӘК есептеуге көшуде қолдау көрсетіп, техникалық көмек бергенін атап өтті.
Министр, сондай-ақ, ведомствоның бірқатар жаңа бастамалары, атап айтқанда, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру туралы айтып берді. Мүгедектіктің дәстүрлі және медициналық модельдерінен адам құқықтарына негізделген әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшуді көздейтін Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аударылды.
Тұжырымдама шеңберінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңдарына мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын әзірлеу жоспарлануда.
Өз кезегінде Рашед Мұстафа Сарвар бірлескен жұмыстың тиімділігін, сондай-ақ ведомствоның әлеуметтік қорғауды дамыту саласындағы бастамаларын жоғары бағалады.
Тараптар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жобалары мен бағдарламаларын талқылап, тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді. Аталмыш жұмыстар отбасылар мен балалардың әл-ауқатын және құқықтарын қорғауды нығайтуға мүмкіндік береді.