
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев өткізген аппараттық кеңес барысында Абай және Жамбыл облыстарының аумақтық департаменттері басшыларының есептері тыңдалып, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу барысы қаралды.
Абай облысындағы еңбек заңнамасының сақталуы туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті өңірлік департаментінің басшысы Ерлан Ниятқабылов баяндады. Ол 2025 жылы департамент 1011 өтінішті қарағанын, олардың басым бөлігі жалақыны төлемеу және заңсыз жұмыстан босату мәселелеріне қатысты екенін хабарлады. Мемлекеттік бақылау және үшжақты комиссиялардың жұмысы шеңберінде 2026 жылға арналған басым міндеттер ретінде жалақы бойынша берешекті өтеу және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету айқындалды.
Өз кезегінде Жамбыл облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Аслан Оразбеков мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы туралы хабардар етті. 2025 жылы департамент зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласында 163 371 қызмет көрсетті. Әлеуметтік алаяқтық фактілерін анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде: 11 мыңнан астам іс макеті тексерілді. Сондай-ақ департамент қызметін әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Ведомствоның норма-шығармашылық жұмыстары туралы Заң қызметі департаментінің директоры Серік Беркамалов есеп берді. Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік сақтандыру, еңбек және көші-қон заңнамасын жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобалары жүзеге асырылуда. Жұмыс топтары құрылып, жобалар мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр.
Бұдан басқа, ҚР Премьер-Министрінің өкімін орындау мақсатында Цифрлық кодексті іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді актілерге түзетулер әзірленуде. Сондай-ақ 2024–2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы, Инклюзивті саясат тұжырымдамасы және Көші-қон саясаты тұжырымдамасы шеңберінде іс-шараларды іске асыру жалғасуда.
Кеңес қорытындысы бойынша Асқарбек Ертаев азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды күшейту және заң жобалау жұмыстарының жоспарын уақтылы орындау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.