ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндама жасады. Ведомство басшысы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар және жасанды интеллекттің дамуына байланысты еңбек нарығын бейімдеу шаралары туралы ақпарат берді.
Өз сөзінде Асқарбек Ертаев Министрліктің негізгі әлеуметтік салалардың деректерін біріктіретін Бірыңғай цифрлық платформаны қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында біз цифрлық құралдар арқылы еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етудеміз. Қазіргі таңда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 10 мыңнан астам ұйым мониторингте тұр. Республика бойынша шамамен 8 мың мектепте штат кестелерін декларациялау процесі толық аяқталды. Бұл кадрлық деректердің анықтығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, еңбекақы қорын жоспарлау дәлдігін арттыруға, қателер мен деректердің қайталануын азайтуға мүмкіндік береді», – деді министр.
Ведомство басшысы іргелес салалар бойынша цифрландыруды аяқтаудың нақты мерзімдерін де белгіледі. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны ішінде денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары жөніндегі деректер толық енгізіледі. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін әлеуметтік сала нысандарының қызмет алушылары мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі туралы мәліметтерді цифрландыру жоспарланып отыр.
Баяндаманың екінші негізгі бағыты технологиялық өзгерістердің ықпалымен еңбек нарығын трансформациялау мәселесіне арналды. Асқарбек Ертаев халықты жұмыспен қамтуды дамыту ағымдағы жылы Министрлік қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалғанын атап өтті.
Ведомствоның болжамы бойынша, жасанды интеллект технологияларын енгізу шамамен 300 мың қазақстандықтың жұмыспен қамтылу форматының өзгеруіне алып келуі мүмкін.
Ықтимал тәуекелдерді басқару мақсатында Министрлік проактивті шараларға көшуде. «Атамекен» ҰКП және «PARYZ» жұмыс берушілер конфедерациясымен бірлесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығы құрылуда.
«Орталықтың негізгі миссиясы – нақты экономика секторына кадрларды жедел бейімдеу. Біз даярлау жүйесін бизнестің нақты сұраныстарымен үндестіруіміз қажет. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында тапшы бағыттар бойынша 10 мыңнан астам маман даярланады: слесарьлар, газ кесушілер, электр мамандары және басқа да техникалық кадрлар», – деп атап өтті А. Ертаев.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларын жаңарту жоспарланған. Жаңа кәсіптік стандарттарға сәйкес 12 мың кәсіби дағды мен құзырет өзектендірілетін болады.
Сондай-ақ Министрлік тарапынан оқушыларды ерте кәсіптік бағдарлау жұмысы күшейтілді. Ағымдағы жылы 100 мыңнан астам оқушы «Mansap.enbek» цифрлық платформасында кәсіби диагностикадан өтеді, бұл олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік береді.