А. Ертаев жаңа ҚР Конституциясы жобасындағы негізгі өзгерістерді талқылау бойынша кеңес өткізді

А. Ертаев жаңа ҚР Конституциясы жобасындағы негізгі өзгерістерді талқылау бойынша кеңес өткізді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен ҚР Еңбек министрлігінде жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасындағы негізгі өзгерістерді талқылауға арналған кеңес өтті.

Іс-шараға әлеуметтік серіктестер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес пен Үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты.

Өз сөзінде Асқарбек Ертаев жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталғанын және оның өзегінде адам мен оның әл-ауқаты тұрған әлеуметтік жауапты мемлекеттің заманауи моделін қалыптастыратынын атап өтті.

Министр әлеуметтік саясаттың рөліне ерекше назар аударып, Негізгі заң жобасында оның мемлекеттік қызметтің негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылатынын айтты.

«Конституция мемлекетке халықтың әл-ауқатын арттыру міндетін жүктейді. Әлеуметтік саясат қосалқы функция емес, стратегиялық бағыт ретінде айқындалады», – деді Асқарбек Ертаев.

Ведомство басшысы Қазақстанның дамуы адам капиталының сапасымен тікелей байланысты екеніне де тоқталып, бұл еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына толық сәйкес келетінін айтты.

«Елдің болашағы адам капиталының сапасымен тығыз байланысты. Біз басты ресурс ретінде адам танылатын даму моделіне көшу үстіндеміз», – деді министр.

Кеңес барысында азаматтардың құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін күшейтудің маңыздылығы да ерекше аталды. Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жаңа Конституция жобасы азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.

Кеңеске қатысушылар ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға, сондай-ақ адам мен оның әлеуетіне бағдарланған орнықты даму моделін қалыптастыруға берік негіз қаландыратынын атап өтті.