В. Шегай Оңтүстік Корея делегациясын Қазақстанның EPS жүйесіне кіру барысымен таныстырды

В. Шегай Оңтүстік Корея делегациясын Қазақстанның EPS жүйесіне кіру барысымен таныстырды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Корея Республикасынан келген делегаттарды Қазақстанды Employment Permit System (EPS) жүйесіне енгізу үшін іріктеудің екінші кезеңі аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.

Делегация құрамына Корея Республикасының жұмыспен қамту және еңбек, сыртқы істер, әділет министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Адами ресурстарды дамыту жөніндегі корей қызметінің өкілдері кірді.

Оңтүстік Корея өкілдері іріктеу рәсімінде көзделген бейінді нысандарды аралап, қолданыстағы инфрақұрылыммен, процестерді ұйымдастырумен және тиісті мекемелердің жұмыс істеу жағдайларымен танысты. Сонымен қатар олар кандидаттарды іріктеу және даярлау процестерінде пайдаланылатын медициналық ұйымдарға, оқу және тестілеу алаңдарына барды. Делегацияға рәсімдерді ұйымдастырудың қолданыстағы тетіктері, инфрақұрылымдық мүмкіндіктер және аталған нысандардың жұмыс істеуінің практикалық аспектілері ұсынылды.

Бұдан бөлек, инспекциялау барысында тараптар нысандардың белгіленген талаптарға сәйкестігі және Қазақстанның EPS жүйесі аясында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындық мәселелерін талқылады.

Корей делегациясы ұйымдастыру деңгейін, қабылданып жатқан шараларды және Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын оң бағалады.

Іріктеудің екінші кезеңін өткізу Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы еңбек көші-қоны және жұмыспен қамту саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды қадам болып табылады, сондай-ақ қазақстандық азаматтар үшін шетелде заңды түрде жұмысқа орналасу аясында қосымша мүмкіндіктер ашады.