А. Ертаев Қазақстанды EPS жүйесіне енгізу барысын Оңтүстік Корея делегациясымен талқылады

А. Ертаев Қазақстанды EPS жүйесіне енгізу барысын Оңтүстік Корея делегациясымен талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанды Employment Permit System (бұдан әрі – EPS) жүйесіне енгізу жөніндегі іріктеу рәсімінің екінші кезеңін өткізу үшін елімізге келген Корея Республикасының делегациясымен келіссөздер жүргізді.

Делегация құрамына Корея Республикасының жұмыспен қамту және еңбек, сыртқы істер, әділет министрліктерінің, сондай-ақ Кореяның Адами ресурстарды дамыту қызметінің өкілдері кірді.

Келіссөздер барысында тараптар іріктеудің екінші кезеңін ұйымдастырудың практикалық аспектілерін, сондай-ақ EPS жүйесі аясында Қазақстанның ілгерілеуіне қатысты мәселелерді талқылады.

Асқарбек Ертаев өз сөзінде екінші кезеңнің EPS жүйесімен белгіленген талаптар мен рәсімдерді сақтауға Қазақстан тарапының дайындық деңгейін бағалаудағы негізгі элемент ретіндегі маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ ұйымдастырылған жұмыспен қамту саласында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік бар екенін жеткізді.

Аталған сапар екі елдің уәкілетті органдары арасындағы уағдаластықтарды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылып, Қазақстан Республикасы азаматтарын Корея Республикасында ұйымдастырылған түрде жұмысқа орналастыру тетіктерін дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға бағытталған.

Іріктеудің екінші кезеңінің нәтижелері Қазақстанды EPS жүйесіне қосу мәселесін одан әрі қарау кезінде ескерілетін болады, бұл қазақстандық азаматтардың Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.