Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылатын тауарлар енді Ұлттық тауарлар каталогында тіркелуі тиіс

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылатын тауарлар енді Ұлттық тауарлар каталогында тіркелуі тиіс

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді, мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді берушілерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеу немесе оларды тіркеуден шығару, сондай-ақ тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына жіберу қағидаларына» өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа өзгерістер Әлеуметтік қызметтер порталында (бұдан әрі – Портал) ұсынылатын тауарлардың Ұлттық тауарлар каталогынан алынған сәйкестендіру кодтарының болуын міндеттейді. Ведомство басшысының тиісті бұйрық жобасы туралы ақпарат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Осылайша, Порталда жеткізушілер орналастыратын барлық тауарлар Ұлттық тауарлар каталогында тіркелуі тиіс болады. Бұл тауар түрлерін стандарттауға, сондай-ақ өнімнің жеткізушіден нақты тапсырыс берушіге дейінгі бүкіл қозғалыс жолын қадағалауға және жалған мәмілелерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Аталған шаралар тауарлардың бірыңғай әрі сенімді есебін қамтамасыз етуге, олардың сапасы мен шығу тегіне бақылауды күшейтуге, барлық жеткізушілер үшін тең жағдайлар жасауға, сондай-ақ сертификатталмаған және сапасы төмен өнімдердің нарыққа енуін болдырмауға бағытталған.

Өзгерістер шеңберінде Портал жеткізушілерін тауардың графикалық бейнелеріне ақпараттық мәтіндік сипаттама беруді міндеттеу де жоспарлануда. Бұл жерде тауардың қысқаша сипаттамасы (мақсаты, функционалы, техникалық параметрлері) қамтылуы тиіс. Сипаттаманың болуы тауарды Порталға жіберу жөніндегі комиссияның бағалау критерийлерінің бірі болады.

Аталған жаңашылдық тауарлар туралы ақпараттың толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ көру қабілеті бұзылған адамдардың Порталды пайдалану кезіндегі қолжетімділік кедергілерін жоюға ықпал етеді.

Өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР тауарлық деректерді стандарттауға арналған бірыңғай платформа ретінде қолданысқа енгізілген Әлеуметтік қызметтер порталы мен Ұлттық тауарлар каталогын интеграциялау мақсатында бастамаланған.

Бұйрық жобасы туралы ақпарат 2026 жылғы 2 ақпанға дейін «Ашық НҚА» интернет-порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.