В. Шегай әлеуметтік объектілердің қызметімен танысты және Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

В. Шегай әлеуметтік объектілердің қызметімен танысты және Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Сапардың негізгі мақсаты – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың ағымдағы жағдайымен және қызметімен танысу, сондай-ақ өңір халқымен әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелерін талқылау болды.

Жұмыс сапары шеңберінде вице-министр Балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына, №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына, Оңалту орталығына, сондай-ақ «Самұрық» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау орталығына барды. Виктория Шегай көмек көрсету жағдайларымен, оңалту іс-шараларын ұйымдастырумен және жергілікті жерлердегі мамандар жұмысының практикалық аспектілерімен танысты. Мекемелерді кадрмен қамтамасыз етуге, көрсетілетін қызметтердің сапасына, стандарттардың сақталуына және көмек алушыларды сүйемелдеу кезіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Объектілерді аралап шыққаннан кейін вице-министр Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ашық диалог барысында зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларының атаулылығы мен қолжетімділігі мәселелері талқыланды.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірде 4,4 мың отбасыдан 23,7 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл ретте АӘК алушылардың 5,2 мыңы еңбекке қабілетті азаматтар, олардың 71,1%-ы жұмыспен қамтылған, алайда аз қамтылғандар санаты қатарында болуын жалғастырған.

Жыл ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 413 адам тартылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасу, қоғамдық жұмыстарға қатысу, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және кәсіптік оқыту бар. Сонымен бірге, АӘК алатын жұмыс істейтін 3,7 мың адам қосымша әлеуметтік қолдауға мұқтаж болып қала берді.

Виктория Шегай жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тиімділігін арттыру, кәсіптік қайта даярлау және атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасында экономикалық белсенділікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ әлеуметтік масылдықтың алдын алудың және табысты қолдаудан отбасыларды дербес қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға көшудің маңыздылығына баса назар аударды.

«Біз үшін жай ғана әлеуметтік қолдау көрсету емес, отбасылардың табысын арттыру және азаматтарды экономикалық белсенділікке тарту үшін тұрақты жағдайлар жасау маңызды. Әлеуметтік саясаттың барлық шаралары атаулы жұмыс істеуі керек және адам үшін нақты нәтижеге бағдарлануы тиіс», – деп өңір тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде атап өтті.

Кездесу соңында вице-министр өңір тұрғындарының сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп, азаматтарды жеке қабылдады. Негізгі өтініштер әлеуметтік төлемдерді тағайындау, жұмысқа орналастыру, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне қатысты болды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Виктория Шегай жергілікті атқарушы органдар мен бейінді ұйымдарға Қызылорда облысы халқын әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыным берді. Ұсынымдар әлеуметтік қызметтер сапасын арттыруға, қолдау шараларының атаулылығын күшейтуге және өңірде белсенді әлеуметтік саясатты дамытуға бағытталған.