
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтарды елдің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, зор денсаулық, амандық пен бақыт тіледі.
«Биыл біз еліміздегі маңызды тарихи оқиғаның бірі – Қазақстанның егемендік алғанына 34 жыл толуын атап өтеміз.
Тәуелсіздік – біздің ата-бабаларымыз ежелден армандаған асыл мұраты еді. Егемендік алған Қазақстан өзінің мемлекеттік рәміздерін және төл валютасын енгізді, Конституцияcын қабылдады. Еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып жарияланды, даңғыл даму жолына түсті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің еліміз кезіккен қиындықтарға қарамастан, ұзақ мерзімді әлеуметтік басымдықтарды белгіледі. Осы өткен 34 жыл ішінде әлеуметтік-еңбек саласында үлкен жұмыс атқарылды, барлық салалық заңдар, стратегиялық құжаттар мен мемлекеттік бағдарламалар қабылданды.
Әлеуметтік міндеттемелерді орындау және халықтың әл-ауқатын арттыру еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтары болып табылады.
Бүгінгі таңда республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 4 млн 588 мың адамға, оның ішінде 2 млн 487 мың зейнеткерге және 2,1 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыға жәрдемақылар мен зейнетақылар төлеуге 5,4 трлн теңге бағытталды.
Бюджеттен төленетін барлық төлемдер жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі. 2025 жылдан бастап ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс минимумының 70%-ына, ал ең жоғарысы 110%-ына дейін арттырылды. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі кезең-кезеңімен өсіп, 2028 жылға қарай 5%-ға жетеді. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жұмыспен қамтылған халықтың 65%-ы қатысуда.
Өңірлік жұмыспен қамту жол карталары мен сапалы жұмыс орындарын құру жөніндегі жыл сайынғы KPI көрсеткіштері іске асырылуда. Бүгінгі күні 2029 жылға дейін азаматтарды жұмыспен қамту жоспарының 83%-ы орындалып, бес жыл ішінде 2,7 млн адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Тек осы жылдың 11 айында ғана жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 296 мыңға жуық адам қамтылып, 821 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналастырылды.
Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралардың арқасында биыл өндірістегі жазатайым оқиғалардан жарақаттану деңгейі 6,5%-ға, ал өлім-жітім 4,5%-ға төмендеді.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Ел бойынша 24 мыңнан астам нысан толық бейімделді. Биыл арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметі лицензияланды, оларды жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілуде. Мүгедектік тобын белгілеудің сырттай проактивті форматы белсенді дамып келеді. 522 мыңнан астам адам Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызмет алды, 27 мың азамат инватакси қызметін пайдаланды. Инновациялық техникалық оңалту құралдарын қолдана отырып, балаларды үй жағдайында оңалту жобасы табысты іске асырылуда.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Отбасылардың әл-ауқат деңгейін айқындаудың скорингтік моделін қолдану арқылы платформа азаматтарға қолдау көрсету кезінде санаттық қағидаттан мұқтаждық өлшемдеріне көшуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл көрсетілетін көмектің атаулылығын және барынша тиімділігін қамтамасыз етеді.
Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отандастарыма мықты денсаулық, амандық пен бақыт тілеймін, еліміз одан әрі гүлдене берсін!» – делінген Светлана Жақыпованың құттықтауында.