
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және жалақыны субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы ведомство басшысының бұйрық жобасын әзірледі. Бұл жаңартулар рәсімдердің ашықтығын арттыруға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысушыларды нақты еңбекпен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Негізгі өзгерістердің бірі – субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылардың бағдарлама мерзімі аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа қабылдануын жұмыс берушілердің міндеті ретінде бекіту. Егер жұмыс беруші өткен жылы 10 және одан көп субсидияланатын жұмыс орнын ұйымдастырған болса, ол қатысушылардың кемінде 10%-ын штатқа қабылдауға тиіс; ал орын саны аз болған жағдайда – кемінде бір адамды тұрақты жұмысқа орналастыруы қажет. Бұл ретте жаңа өтінім бергенге дейінгі алты ай ішінде олар үшін міндетті зейнетақы жарналары тұрақты аударылып отырған азаматтар ғана есепке алынады. Сонымен қатар, дәлелді себептермен уақытша жұмыс істемейтін қатысушылар есепке алынбайды: әскери қызметін өтеп жүргендер, бала күтімі бойынша демалыстағы азаматтар, оқуды жалғастыратындар, ел аумағынан тыс жерде жүргендер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар, қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танылғандар. Осылайша, мемлекет субсидияланатын жұмыс орындарын уақытша емес, тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағыттап отыр.
Келесі маңызды өзгеріс – жұмыс берушілердің талаптарға сәйкестігін Электрондық еңбек биржасы арқылы автоматты тексеру тетігін енгізу. Бұл еңбек мобильділігі орталықтарының өтінімдерді техникалық бағалауға қатысуын болдырмай, жұмыссыздарды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыруды толық цифрландыруға жол ашады.
Жүйе ағымдағы жыл ішінде мемлекеттік гранттар немесе микрокредиттер алған, кәсіби оқытуға қатысатын, инфрақұрылымдық жобалар бойынша мемлекеттік сатып алулар аясында қызмет көрсететін, білім беру мемлекеттік тапсырысына немесе тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге қатысатын ұйымдардың өтінімдерін автоматты түрде қабылдамайды. Бұған «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Күміс жас» жобасы бағыттары бойынша берілген өтінімдер ғана кірмейді. Сондай-ақ құрылтайшылары немесе басшыларының ЖСН-ы сәйкес келетін бірнеше жұмыс берушінің бір мезетте бағдарламаға қатысуына тыйым салынады.
Басқа өзгерістердің қатарына бағдарламаға қатысу үшін жұмыс берушілерге қойылатын талаптардың күшейтілуі кіреді. Атап айтқанда, жұмыс берушінің әрекеттегі заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер мәртебесі болуы, кемінде 12 ай бойы қызметін жүзеге асыруы, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы, соңғы бір жылдағы әлеуметтік төлемдерді тұрақты аударуы, жалған кәсіпкерлікке немесе адал емес салық төлеушілер тізіміне енгізілмеуі қажет. Жұмыс беруші бұрын жасалған келісімшарттар бойынша міндеттемелерін орындауға тиіс, банкроттық немесе тарату рәсімінде болмауы керек және қызметкерлермен электрондық еңбек шарттары дұрыс рәсімделген болуы қажет.
Енгізілетін өзгерістердің тағы бірі – түрлі санаттағы жұмыс берушілер ұйымдастыра алатын қоғамдық жұмыстар санының нақты реттелуі. Жобада келесі шектер белгіленген:
- әлеуметтік кәсіпкерліктің бірінші санаттағы субъектілері үшін – 1-ден 10 жұмыс орнына дейін;
- акционерлік қоғамдар, ЖШС және олардың филиалдары үшін – 1-ден 5-ке дейін;
- жеке кәсіпкерлер, қожалықтар мен фермерлік шаруашылықтар үшін – 1-ден 5-ке дейін;
- үкіметтік емес ұйымдар үшін – 1-ден 5-ке дейін;
- мемлекеттік ұйымдар, оның ішінде кенттер мен ауылдық округтер әкімдіктері үшін – 1-ден 5-ке дейін.
Белгілі бір әлеуметтік талаптар орындалған жағдайда осы лимиттер екі есе ұлғайтылуы мүмкін. Бұл – мүгедектігі бар адамдарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, көпбалалы отбасыларға және мемлекеттік марапаттарға ие аналарға арналған жұмыс орындарын ұйымдастыруға, сондай-ақ жұмыс берушінің қатысушылар жалақысының кемінде жартысын қоса қаржыландыруына немесе өткен жылғы қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың кемінде 60%-ын штатқа қабылдауына қатысты. Бұл нормалар жұмыс берушілерді әлеуметтік жауапкершілікке және халықтың осал топтарының жұмыспен қамтылуын кеңейтуге ынталандырады.
Бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. Жаңартылған қағидалар субсидияланатын жұмыс орындарын тұрақты жұмыспен қамтуға бастайтын нақты көпірге айналдыруды көздейді. Бұл өзгерістер жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігін арттырып, жұмыс берушілер арасында адал бәсекелестікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік қолдау тетіктеріне қоғамның сенімін күшейтеді.