Мүгедектігі бар адамдарды ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз ету мәселелері Еңбек министрлігінде талқыланды

Мүгедектігі бар адамдарды ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз ету мәселелері Еңбек министрлігінде талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр Виктория Шегайдың төрағалығымен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз ету тетігін жетілдіруге арналған жұмыс тобының отырысы өтті. Отырыстың мақсаты – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, талаптарды стандарттау және әлеуметтік қолдау саласында цифрлық құралдарды кеңінен енгізу.

Отырыста сөз бастаған Виктория Шегай бұл мәселенің маңыздылығына тоқталып:

«Ортопедиялық аяқ киім – жай ғана бұйым емес, ол – мүгедектігі бар адамдардың денсаулығына, қозғалу мүмкіндігіне және өмір сапасына тікелей әсер ететін оңалту құралы. Біздің міндетіміз – бұл көмекті уақтылы әрі сапалы ұсыну, бірыңғай стандарттар мен процестердің ашықтығын арттыратын цифрлық құралдарды енгізу», – деді ол.

Отырыс барысында ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз етудің қолданыстағы тәсілдері, техникалық және клиникалық аспектілер, бұйымдардың экономикалық параметрлері, сондай-ақ ортопедиялық аяқ киімді Ұлттық тауарлар каталогына енгізу мүмкіндігі қаралды. Тауарларға тапсырыс қалыптастыру, олардың сипаттамасының дұрыстығы, өндірушілердің Әлеуметтік қызметтер порталымен өзара іс-қимылы сияқты практикалық мәселелер талқыланды.

Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының өкілдері қазіргі жағдайдың талдауын және процесті оңтайландыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Оған тауар карточкаларының сапасын арттыру, техникалық талаптарды біріздендіру қажеттілігі және цифрлық сервистерді одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар кірді.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері ортопедиялық аяқ киімді Ұлттық тауарлар каталогына енгізу бұйымдардың сипаттамаларын біріздендіруге, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Болашақта цифрлық теңгені қолдануға көшу көрсетілетін қызметтердің сапасын жедел бақылаудың қосымша тетіктерін құруға жол ашады.

Отырыста ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар нормативтік және техникалық аспектілерді одан әрі пысықтау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен қосымша талқылаулар жүргізу қажеттілігін атап өтті.