
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары палаталардың бірлескен пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын қарап, оны қабылдады. Құжат екі ел азаматтарының зейнетақы құқықтарын қамтамасыз етуге, еңбек өтілін есепке алу және төлемдерді тағайындау тәртібін айқындайтын құқықтық тетіктерді құруға бағытталған.
Келісім еңбек қызметі, әскери қызмет кезеңдері, оқу мерзімдері және зейнетақы төлемдерін дұрыс есептеу үшін қажетті өзге де мәліметтермен алмаса отырып, құзыретті органдардың өзара іс-қимылын реттейді. Әр тарап зейнетақыны өз ұлттық заңнамасына сәйкес, екі ел аумағында жинақталған еңбек өтілінің расталған кезеңдерін пайдалана отырып тағайындайды.
Заң жобасына ақпарат алмасу тәртібін, құжаттарға қойылатын талаптарды және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың техникалық параметрлерін айқындайтын жеті қосымша енгізілген. Қазақстан тарапынан құзыретті орган ретінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгіленді.
Заң жобасын таныстырған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай:
«Келісімнің басты мақсаты – шетелде жұмыс істейтін азаматтарымыздың және тарихи отанына оралған этникалық қазақтардың мүддесін қорғау. Біз еңбек өтілі мен зейнетақы жарналары қоныс аударған кезде “жоғалып кетпей”, керісінше жиынтықталып, төлемдерді тағайындау барысында толық есепке алынатын жағдай қалыптастырамыз. Бұл – әлеуметтік қамтамасыз етудің инклюзивті әрі әділ жүйесін құрудағы стратегиямызға толықтай сай келеді», – деп атап өтті.
Виктория Шегайдың айтуынша, Келісімді іске асыру еңбек өтілін растау рәсімдерін жеңілдетіп, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтеді.
ҚР ІІМ деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 9 айында Қазақстанға 35 122 моңғол азаматы келген, 33 802 адам шыққан. 2024 жылы бұл көрсеткіш жоғары болған: 44 240 адам кіріп, 40 916 адам шыққан.
Қазіргі таңда Қазақстанда 6 654 моңғол азаматы тұрақты тұрады, олардың 6 109-ы – қандастар. 2025 жылы 686 адамға тұрақты тұруға рұқсат беріліп, 646 адам ҚР азаматтығын алған, олардың 539-ы – қандастар.
Келушілердің елеулі бөлігі – жасы үлкен адамдар, олар үшін еңбек өтілін растау және зейнетақы тағайындау мәселелері аса маңызды. Келісім еңбек өтілін есепке алу тетігін жүйелеуге, азаматтарды құжаттарды қайта-қайта тапсыру міндетінен босатуға және ақпарат алмасудың бірыңғай жүйесі болмағандықтан туындайтын қателіктерді азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан 2019 жылдан бастап екіжақты келісімдерге қарамастан, тұрақты тұруға келген этникалық қазақтардың еңбек өтілін біржақты тәртіппен есепке алып келеді. Бұл норма ҚР Әлеуметтік кодексінде (208-бабы 1-тармағының 16-тармақшасы) бекітілген.
2019 жылдан 2024 жылдың наурызына дейін Моңғолиядан келген 1 790 этникалық қазаққа жасына байланысты зейнетақы тағайындалды. Сонымен бірге, ҚР ЕХӘҚМ қарасты Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің деректері бойынша, 402 зейнетақы ісінде әскери қызмет немесе оқу туралы мәліметтер еңбек кітапшаларындағы жазбалар арқылы расталған.
Келісімді ратификациялау қолданыстағы нормаларды нығайтып, барлық рәсімдерді халықаралық құқықтық өріске бекітуге мүмкіндік береді, бұл азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды.
Келісімді іске асыру шеңберінде ақпарат алмасу екі мемлекеттің интеграцияланған цифрлық платформалары арқылы ғана жүзеге асырылады. Бұл:
Бұл тәсіл Қазақстанның әлеуметтік саланы цифрландыру және проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізу бағытына сәйкес келеді.
Келісімді ратификациялау шетелде тұратын немесе жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау жүйесін күшейту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Қарау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары Заң жобасын қолдап, оны ҚР Парламентінің Сенатына жіберді.