А. Ертаев ХКҚҰ Қазақстандағы көші-қон саясатын жетілдіру барысымен хабардар етті

А. Ертаев ХКҚҰ Қазақстандағы көші-қон саясатын жетілдіру барысымен хабардар етті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық көші-қон ұйымы (бұдан әрі – ХКҚҰ) Кеңесінің 116-сессиясы шеңберінде өткен көші-қон және даму мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі топтың отырысына қатысты. Ол Қазақстанда көші-қон саясатын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.

Отырыс көші-қон саласындағы өзекті сын-қатерлерді талқылауға және оларды шешудің оңтайлы жолдарын іздеуге бағытталған. Халықаралық көші-қон ұйымы Кеңесінің 116-сессиясының күн тәртібінде: көші-қон мен даму арасындағы өзара байланыстарды стратегиялық басымдық ретінде қайта пайымдау; ұзақмерзімді нәтижелер беретін практикалық әрі ауқымдауға болатын бастамаларды айқындау; саларалық серіктестікті және қаржыландыруды күшейту арқылы инклюзивті, болашаққа бағдарланған көші-қон жүйелерін қолдау; сондай-ақ даму саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізу үшін көші-қон циклының барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және дағдыларды дамытуға, қаржылық инклюзивтілікке, реинтеграцияны қолдауға ықпал ететін әлеуетті бастамалар қаралды.

Өз баяндамасында Асқарбек Ертаев ХКҚҰ-мен орнатылған көпжылдық әрі өзара тиімді ынтымақтастықты, Қазақстанның өңіраралық өзара іс-қимыл тетіктерін және көші-қон саясатын дамытуға қосқан үлесін, адам саудасына қарсы іс-қимыл мен адами капиталды ілгерілету бағыттарын қолдауды еске салды.

«Қазақстан – Алматы процесінің қатысушысы. Біздің төрағалығымыз аясында биылғы қараша айында техникалық сараптамалық топтың отырысы өткізілді және министрлік конференциясына дайындық жүргізілуде. Төрағалықтың негізгі басымдықтарының бірі – тиімді көші-қон саясатын қалыптастыру үшін стратегиялық маңызы бар көші-қон деректерін стандарттау», – деп атап өтті Ертаев.

Вице-министр сондай-ақ биыл Халықаралық көші-қон ұйымының Бас директоры Эмми Поуптың Қазақстанға жасаған сапарын еске алды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өткен болатын.

«2024 жылы қазақстандық әртіс Димаш Құдайберген Азия бойынша ХКҚҰ-ның Ізгі ниет елшісі болып тағайындалған еді, ал бүгін, 2025 жылғы 8 желтоқсанда, Халықаралық көші-қон ұйымының Жаһандық бейбітшілік елшісі атанды. Мұның барлығы Қазақстан мен ХКҚҰ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді», – деп қосты Ертаев.

Асқарбек Ертаев сонымен қатар көші-қон саласына цифрлық құралдарды енгізу туралы хабарлады.

«2024 жылы Migration.enbek.kz бірыңғай көші-қон порталы іске қосылды. Ол Enbek экожүйесімен интеграцияланған және Қазақстандағы көші-қонды басқарудың цифрлық іргетасын құрайды. Портал «бір терезе» қағидаты бойынша мигранттарға 17-ден астам қызмет түрін ұсынады», – деді ол.

Цифрлық құралдарды дамыту көші-қон саясатын жаңғыртумен тығыз байланысты, ал көші-қонды басқару жүйесін ішкі реформалау Қазақстан үшін негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

Бұдан бөлек, вице-министр мигранттардың, соның ішінде еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде және Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын әзірлеу туралы айтып берді.

ХКҚҰ Кеңесінің 116-сессиясына қатысу үшін Женеваға жасаған жұмыс сапары барысында Асқарбек Ертаев ХКҚҰ Бас директордың орынбасары Угочи Дэниелспен кездесіп, оған Enbek экожүйесін, әсіресе Migration.enbek.kz порталының жұмыс механизмдері мен қағидаттарын таныстырды.