
Астанада «Бірге әрекет етейік: мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту» атты екікүндік халықаралық семинар-практикум өз жұмысын бастады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті және «ITeachMe» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырған бұл шара бір алаңда мемлекеттік органдардың өкілдерін, халықаралық сарапшыларды, бизнес қауымдастығын және әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарды біріктірді.
Семинар-практикумға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қатысты. Қатысушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, ол инклюзивті саясаттың мемлекет үшін стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан дәстүрлі медициналық модельден мүгедектікті әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне қарай нық қадам жасап келеді. Бұл бағыт Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан.
«Мүгедектігі бар адамдардың табысты әлеуметтенуі әділ қоғам құруға және елдің адами капиталын арттыруға ықпал етеді. Бүгінде Қазақстанда 743,9 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың жыл сайын артуы қолдау шараларын кеңейтумен қатар, қоғам өміріне белсенді қатысуларына жағдай жасауды талап етеді», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай инклюзия саласындағы негізгі жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, ел бойынша 12 ірі оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр, олардың төртеуі (Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында) пайдалануға берілді. Оңалтудың инновациялық тәсілдері де маңызды бағытқа айналды: «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, заманауи техникалық құралдарды пайдалану арқылы балаларды үйде оңалтуға арналған пилоттық жоба іске асырылуда. Жоба аясында 489 бала қамтылып, олардың 353-інде қимыл-қозғалыс функцияларының жақсарғаны байқалды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдар жыл басынан бері 562,9 мың тапсырыс жасаған Әлеуметтік қызметтер порталы белсенді дамып келеді. Сонымен қатар ым-ишара тіліне үйретуге арналған ЖИ-агент және мүгедектікті сырттай проактивті белгілеу механизмі сияқты заманауи цифрлық шешімдер енгізілуде.
Семинарда азаматтық қоғамның рөліне айрықша назар аударылды. Шара бағдарламасы ҮЕҰ әлеуетін арттыруға бағытталған және стратегиялық жоспарлау, фандрайзинг, цифрлық басқару құралдарын қолдану бойынша сессияларды қамтиды. Қатысушылар БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясы мен ҚР Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асырудағы үкіметтік емес сектордың рөлін талқылайды.
Семинардың практикалық бөлімінде ҮЕҰ өкілдері қаржылық тұрақтылық жоспарларын әзірлеу, донорлармен жұмыс және мемлекет пен бизнес құрылымдарымен тиімді әріптестік орнату бойынша оқытудан өтеді. Заманауи инклюзия тәсілдеріне, соның ішінде мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарды басқару мен шешім қабылдау процесіне қатысуына жеке сессия арналды.
Спикерлер мен тренерлер ретінде жетекші сарапшылар, соның ішінде БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің (Нью-Йорк) өкілі Роберт Венне мен табысты қазақстандық қорлардың басшылары сөз сөйледі.
Семинар-практикум мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруды жақсартуға, кедергісіз орта қалыптастыруға және Қазақстан азаматтарының барлығына тең мүмкіндіктер қамтамасыз етуге бағытталған диалог пен ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналады.