
Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымына (бұдан әрі – ТМҰ) мүше елдердің еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау министрлерінің алғашқы кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан делегациясын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай бастап барып, еліміздің цифрлық шешімдері мен бастамаларын таныстырды.
Жоғары деңгейдегі отырыстың негізгі тақырыбы түркі тілдес мемлекеттердің ортақ өркендеуі үшін еңбек саласындағы ынтымақтастық болды. Іс-шараға Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстанның салалық министрліктерінің басшылары, сондай-ақ байқаушы елдер – Венгрия мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасының өкілдері қатысты. Қатысушылар еңбек нарығындағы жаһандық сын-қатерлерді, лайықты жұмыспен қамтуды және инклюзивті экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде Виктория Шегай Қазақстан үшін ТМҰ аясындағы серіктестікті тереңдету стратегиялық басымдық болып табылатынын атап өтті. Ол елдің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы жетістіктеріне тоқталып, Халықаралық еңбек ұйымының 26 конвенциясын ратификациялағанын және әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы №102 Конвенция стандарттарын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты атап көрсетті.
Баяндаманың маңызды бөлігі әлеуметтік саланы цифрландыруға арналды. Вице-министр Қазақстанда енгізілген Отбасының цифрлық картасы тәжірибесімен бөлісті. Бұл – халық туралы деректерді нақты уақыт режимінде жинақтап, азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, мұқтаж жандарға проактивті қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей құрал. Сондай-ақ қызметтерді ваучерлік қаржыландыруға арналған «Әлеуметтік әмиян» жобасы таныстырылды.
Өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін сөз ете отырып, делегация басшысы бақылаудың тәуекелге бағдарланған жаңа моделіне көшкенін хабарлады.
«Біз 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын жүзеге асырып, толық цифрландырылған тәуекелдерді басқару жүйесін құрып жатырмыз. Қазіргі таңда Кәсіпорындардың цифрлық картасы және Еңбек тәуекелдері картасы жұмыс істеуде. Олар еңбек жағдайларын қашықтан мониторингтеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл бизнеске түсетін жүктемені азайтып, бақылаудың тиімділігін арттырады, қауіпсіз жұмыс орындарын қалыптастырады», – деді Виктория Шегай.
Түркі әлеміндегі ықпалдастықты нығайту мақсатында Қазақстан бірнеше нақты ұсыныс айтты:
- еңбек саласында озық алгоритмдер мен эталондық модельдермен алмасу үшін Цифрлық шешімдер мен Жасанды интеллект желісін құру;
- еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау статистикасына арналған Бірыңғай түркі платформасын әзірлеу, бұл өңірдегі деректерді біріздендіріп, талдаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысы бойынша әлеуметтік-еңбек саласында бірыңғай ақпараттық және құқықтық кеңістікті дамыту ниетін бекіткен Баку декларациясы қабылданды. Тараптар еңбек министрлерінің келесі, 2-кездесуін 2026 жылы Түркияда өткізуге уағдаласты.
Сапар аясында делегация басшылары Құрметті жерлеу аллеясына барып, әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевке құрмет көрсетті, сондай-ақ Шейіттер аллеясында гүл шоқтарын қойды. Бұдан бөлек, министрлер Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадовпен бірлескен кездесу өткізіп, гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Виктория Шегай Әзербайжанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерімен екіжақты кездесу өткізіп, қызметтерді цифрландыру тәжірибесімен алмасу мәселелерін талқылады.