С. Жақыпова Алматы облысының белсенділерімен және тұрғындарымен кездесу өткізді

С. Жақыпова Алматы облысының белсенділерімен және тұрғындарымен кездесу өткізді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңір белсенділерімен және тұрғындарымен кездесулер өткізді. Ведомство басшысы әлеуметтік-еңбек саласында ҚР Президентінің тапсырмаларының орындалуы, қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді таныстырды.

Облыс белсенділерінің алдында сөйлеген сөзінде Светлана Жақыпова министрлік енгізген негізгі цифрлық құралдарды таныстырды. Олардың қатарында Отбасының цифрлық картасы мен Кәсіпорындардың цифрлық картасы, Инновациялық жобалар навигаторы және мемлекеттік қолдау шараларының атаулылығын, ашықтығын және нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік беретін басқа да шешімдер бар. Министр жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар беріп, әлеуметтік саясатты іске асыруда өңірлердегі тиімді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Тұрғындармен өткен кездесуге ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, облыстық басқарма мен аудандық жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, медициналық-әлеуметтік ұйымдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар және өңірдің өзге де белсенді тұрғындары қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 60 адамнан асты.

Кездесуді ашқан Светлана Жақыпова Еңбек министрлігінің негізгі бағыттары мен халықтың түрлі санаттарын қолдауға бағытталған шаралар туралы кеңінен баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы оның ең төменгі мөлшері күнкөріс минимумының 70%-ына, ал ең жоғары мөлшері 110%-ына дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ 2023 жылы ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілді.

«Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып келеді, зейнетақылар мен жәрдемақылар уақытылы төленуде. Биылғы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша республикада 5,4 млн адамға жалпы сомасы 5,7 трлн теңгеге зейнетақылар мен жәрдемақылар төленді, Алматы облысында – 405 мыңнан астам адамға 340,5 млрд теңге көлемінде берілді», – деп атап өтті министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шынымен көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау үшін әлеуметтік көмектің атаулылығы күшейтілді. Барлық тағайындау процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай ақпараттық жүйе қолданылады, сондай-ақ учаскелік комиссиялардың жұмысы цифрландырылды. Мемлекеттік қолдау шараларын бөлуде санаттық қағидаттан мұқтаждық критерийлеріне көшу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жаңа тәсілдер жергілікті деңгейде көрсетілетін әлеуметтік көмектің атаулылығын және ашықтығын арттыруға бағытталған.

Ел бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жалпы 53 мың отбасыға тағайындалуда, оның ішінде Алматы облысында – 3,4 мың отбасы. АӘК алатын балаларды қолдауды күшейту мақсатында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем көзделген.

Светлана Жақыпова мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды. Бүгінде Қазақстанда 743 мыңнан астам адам (халықтың 3,6%-ы) мүгедектігі бар деп танылған. Алматы облысында 44 мыңнан астам тұрғынға мүгедектік белгіленген, олардың шамамен 57%-ы – еңбекке қабілетті жаста, 27%-ы – зейнеткерлік жаста, 15%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар болып табылады.

Елде 2030 жылға дейінгі инклюзивтік саясат тұжырымдамасы іске асырылуда. Әлеуметтік қызметтер порталы базасында мүгедектігі бар адамдарға жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оңалтудың техникалық құралдарын өздігінен таңдау мүмкіндігі берілген. Портал жеткізушілер арасындағы бәсекелестікті дамытуға ықпал етіп, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырады. Көру қабілеті төмен пайдаланушыларға арналған арнайы нұсқа әзірленді, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне онлайн жазылу және санаторийлердің қолжетімділігі туралы ақпаратты қарау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Алматы облысында Портал арқылы техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша 23,2 мың іс-шара орындалды.

Жеке көмекшілер санаты кеңейтілді: енді қызмет алушы қарт адамның жұбайы немесе зайыбы, бір елді мекенде тұрса, көмекші бола алады. «Amanat» партиясының Жол картасы аясында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Интерактивті қолжетімділік картасының деректеріне сәйкес, өңірде 919 нысан бейімделген, алайда бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмысты әрі қарай күшейту қажет.

Мүгедектікті белгілеу процесінің тиімділігін арттыру үшін жекелеген нозологиялар бойынша сырттай проактивті формат енгізілді. Бұл МӘС бөлімдеріне бару қажеттілігін жояды, өтініш берушінің жолын қысқартады және қағазбастылықтан арылтады – азамат тек медициналық ұйымға ғана жүгінеді.

2024 жылы арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесін трансформациялау жұмысы басталды. Орталықтардың қызметін цифрландыру барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етті. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап лицензиялау енгізілді, және Алматы облысындағы барлық орталықтар лицензия алды (барлығы 32 лицензия берілді). Сонымен қатар әрбір қызмет алушының дербес қажеттіліктеріне бағытталған жан басына шаққан қаржыландыру жүйесі енгізілуде.

Алматы облысында жұмыспен қамтуды қолдау шаралары аясында 47,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, 4,5 мың азамат кәсіби оқытумен қамтылды, 2 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Өз ісін ашу үшін қайтарымсыз гранттарды АӘК алушылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары және көпбалалы отбасылар қатарынан 260 тұрғын алды.

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен министр Еңбек тәуекелдері картасының тиімділігіне де тоқталды.

«Проактивті профилактикаға көшу 3 мыңнан астам кәсіпорынды жоғары тәуекел аймағынан шығаруға мүмкіндік берді. Еңбек жағдайларының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында электрондық ұжымдық шарттар жүйесі енгізілді: 14,6 мыңнан астам шарт цифрландырылды. Сондай-ақ 3,9 млн-нан астам еңбек шарты цифрланды, бұл – жұмысшылардың 90,2%-ы», – деді Светлана Жақыпова.

2024 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арнайы әлеуметтік төлемдер енгізілді. Алматы облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша 239 төлем тағайындалды, 2025 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша – 158 төлем.

Тұрғындармен кездесу соңында Светлана Жақыпова қойылған барлық сұрақтарға мазмұнды жауап берді.