С. Жақыпова Түркіменстанның Еңбек министрі М. Сылаповпен әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастық пен цифрландырудың дамуын талқылады

С. Жақыпова Түркіменстанның Еңбек министрі М. Сылаповпен әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастық пен цифрландырудың дамуын талқылады

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Түркіменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мұхаммедсейіт Сылаповпен кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылап, әлеуметтік-еңбек саласындағы Қазақстанның цифрлық шешімдерімен танысты.

Кездесуді ашқан Светлана Жақыпова әріптесімен амандаса отырып, қазақстан-түркімен қатынастарының бірізді дамып келе жатқанын атап өтті. Министр Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан негізгі цифрлық жобаларға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Халықаралық сарапшылар 2024 жылдың үздік цифрлық жобасы деп таныған Отбасының цифрлық картасына (ОЦК) ерекше назар аударылды. Министрдің айтуынша, бұл жүйе нақты уақыт режимінде қиын өмірлік жағдайды анықтап, қажетті қолдау шараларын автоматты түрде бағыттайды, сондай-ақ 11 мемлекеттік қызмет азаматтың өтінішінсіз, проактивті форматта көрсетіледі.

Светлана Жақыпова сондай-ақ ОЦК үлгісінде жасалған, еңбек жағдайларын 80-нен астам көрсеткіш бойынша жедел мониторингтеуге арналған Кәсіпорындардың цифрлық картасы туралы мәлімет берді. Сонымен қатар жұмыспен қамтуды сапалы жоспарлауға мүмкіндік беретін, кадрларға қажеттілікті талдауға және болжауға, мемлекеттік инвестициялық бағдарламалардың тиімділігін бағалауға арналған цифрлық платформа – Жобалардың инновациялық навигаторы таныстырылды. Навигатор деректеріне сәйкес, елімізде 1 772 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, ал 2030 жылға дейін 245 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Министр Қазақстанның жинақталған тәжірибемен бөлісуге дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде Мұхаммедсейіт Сылапов жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, көрсетілген цифрлық жүйелерге жоғары баға берді және Қазақстанның тәжірибесі Түркіменстанда ұқсас шешімдерді енгізуге пайдалы болатынын айтты.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін жеткізді.