М. Ахметов мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі туралы хабардар етті

М. Ахметов мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі туралы хабардар етті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2025 жылғы мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі және Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған шаралар жөнінде айтты.

Өз сөзінің басында Мейрамбек Ахметов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) тарапынан еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда тұрғанын атап өтті.

«Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 306 тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасын бұзудың 6 571 фактісін анықтады. Қазіргі таңда олардың 80%-ы жойылды. Ең көп құқықбұзушылықтар – 5,4 мың жағдай (82%) еңбек қатынастары саласына тиесілі. Атап айтқанда, еңбекақының уақытылы және толық көлемде төленбеуі, еңбек шарттарын жасасу және бұзу тәртібінің сақталмауы, сондай-ақ қызметкерлердің демалыс алу және жұмыстан босату кезіндегі кепілдіктерінің бұзылуы жиі кездеседі. Қалған 1,1 мың бұзушылық (18%) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне байланысты. Негізгі мәселелер – арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарының болмауы, техника қауіпсіздігі талаптары мен нұсқаулықтардың сақталмауы, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғаларды уақтылы тергемеу немесе оларды жасыру. Жұмыс берушілерге 3 369 нұсқама беріліп, 428 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар салынды», – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы.

Жыл басынан бері еңбекақы бойынша 2,3 млрд теңгеден астам берешек анықталды. Мемлекеттік инспекторлар оның 2 млрд теңгесін немесе 86%-ын өндіріп берді. Бақылау шараларының нәтижесінде шамамен 50 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды.

Бүгінгі таңда ағымдағы және мерзімі өткен берешек 63 кәсіпорында 1 302 жұмыскер алдында 971,6 млн теңгені құрайды. Ең жоғары берешек Алматы облысында – 195,6 млн теңге, Шығыс Қазақстан облысында – 140,5 млн теңге, Астана қаласында – 124 млн теңге тіркелген.

Бұдан бөлек, банкроттық немесе оңалту рәсімдеріндегі 57 кәсіпорында 1 502 жұмыскер алдында 1 405,1 млн теңге көлемінде еңбекақы бойынша берешек сақталуда. Ең ірі қарыз көлемі Алматы облысының кәсіпорындарында – 384,4 млн теңге, Қостанай облысында – 287,1 млн теңге және Шығыс Қазақстан облысында – 181,9 млн теңгені құрады.

«Қазіргі уақытта кәсіпорындардағы жағдайды мониторингтеу Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасының скорингтік жүйесі аясында жүргізілуде. 1 қарашадағы жағдай бойынша республикадағы әлеуметтік шиеленіс қаупі жоғары 1,8 мың кәсіпорын мониторингке тіркелген. Әрбір «жоғары тәуекелді» кәсіпорын бойынша әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында Министрлік тарапынан нысаналы алдын алу жұмыстары атқарылуда», – деді Ахметов.

Еңбек тәуекелдері картасының мониторингі іске қосылғаннан бері жалпы саны 100 мыңнан астам жұмыскерді қамтыған 3,2 мың кәсіпорын жоғары тәуекел аймағынан шығарылды.

«2025 жылдың басынан бастап кешенді шараларды іске асырудың нәтижесінде 55 ұжымдық еңбек дауы шешілді. Бүгінгі таңда 95 кәсіпорында жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. 3 және одан да көп сағатқа жұмыс тоқтатылған 11 ереуіл тіркелді, олардың барлығы – Маңғыстау облысында. Қазіргі уақытта барлық ереуілдер реттелді», – деп атап өтті Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы.

Сонымен қатар ол қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету Үкімет пен ЕХӘҚМ-нің негізгі басымдықтарының бірі екенін ерекше айтты.

«Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ел кәсіпорындарында 1 029 адам зардап шекті, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға аз (1 078 адам). Олардың ішінде 145 адам қаза тапты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға төмен (2024 жылы – 155 адам). Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында сақталуда», – деді Мейрамбек Ахметов.

Зардап шеккендердің ең көп үлесі тау-кен металлургия саласында тіркеліп отыр – 17,4%, құрылыста – 10,3% және мұнай-газ саласында – 5,6%.

Қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (ЖОМС) жүйесінің қамту аясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. ЖОМС шарттарын 112 354 кәсіпорын жасасқан, бұл белсенді заңды тұлғалардың жалпы санының 64,7%-ын құрайды.

Құрылыста және тау-кен өндіру саласында кәсіби тәуекелдері жоғары кәсіпорындарға ерекше бақылау орнатылған. Жарты жылда бір рет профилактикалық бақылаудан өтетін кәсіпорындардың тізімі автоматты түрде қалыптастырылады, бұл жүйелі құқықбұзушылықтарды нысаналы түрде жоюға мүмкіндік береді. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында тізімге 314 кәсіпорын енгізілген, олардың 138-і (44%) тексеруден өтті.

Бизнес өкілдерін халықаралық бастамаларға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. «Vision Zero – Нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасына 610 кәсіпорын қосылды, бұл алдын алу мәдениетін нығайтуға және өндірістік тәуекелдерді төмендетуге ықпал етеді.

Қазақстан Республикасында 2024–2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда, ол ағымдағы жағдай мен халықаралық стандарттарға талдау негізінде еңбек жағдайларын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған жаңа тәсілдерді қамтиды.

«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде еңбек инспекторларының жеке кабинеті жұмыс істейді, онда тексерулерді тіркеу және олардың нәтижелерін ресімдеу, нұсқамалар беру жүзеге асырылады. Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеу процесі толық автоматтандырылған. HR Enbek порталының «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» ААЖ-мен интеграциясы іске асырылды, бұл жұмыс берушілерге жазатайым оқиғалар туралы мәліметтерді – хабарламаларды, комиссия құрамын және Н-1 нысанындағы актіні жолдауға мүмкіндік береді. Осылайша ақпаратты өңдеу мерзімдері қысқарып, деректердің дәлдігі артады», – деп атап өтті Комитет төрағасы.

Бүгінгі таңда еліміздің 13,7 мың ірі және орта кәсіпорнының (осы санаттағы кәсіпорындардың 98%-ы) ұжымдық шарттары цифрландырылған.

Еңбек инспекторларының жедел есептілік нысандары 15-тен 5-ке дейін қысқартылды (жалақы берешегі, жұмыскерлерді босату, негізгі көрсеткіштер, өндірістік жарақаттану бойынша) және олар автоматтандырылды.

Қорытындылай келе, Мейрамбек Ахметов еңбек қатынастарын формализациялау жөніндегі жұмыстардың жалғасып жатқанын хабарлады. 4,5 млн жалдамалы жұмыскердің 3,9 млн-ы (90%) Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркелген.