
2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 283,9 мың адам қамтылды, 714 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 161,7 мың адам жұмысқа ораналасты, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарында 13,1 мың адам, жастар практикасында 25,6 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 98,7 мың адам, «Күміс жас» жобасы аясында 17,9 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 6,2 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде 289 адам жұмыспен қамтылды.
Жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін халықтың әлеуметтік осал санатына жататын азаматтарға 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) 8 968 грант берілді.
Еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 55,9 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 51,4 мыңы оқуды аяқтап, сертификат алды.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 48,4 мың адам қамтылды, оның ішінде 27 мың адам оқуды аяқтады.
Жұмыс берушілердің өтініші бойынша кәсіптік оқытуға 8 901 адам жіберілді, оның ішінде 4 673 адам оқуды аяқтады. Оқуды аяқтағаннан кейін 2 256 адам жұмысқа орналасты.
Бұдан басқа, қызмет саласын таңдау мақсатында кәсіптік орталықтарда 331,3 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтіп, кеңес беру қызметтерін алды.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылатынын және шын мәнінде жұмысқа орналасқандығы олар үшін міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталатынын атап өткен жөн.
Мәселен, 2025 жылғы 1 қарашада 714 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде – 170,7 мың адам; Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер орналастырған бос жұмыс орындарына 175,7 мың адам; Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 333,6 мың адам; орталық мемлекеттік органдар іске асыратын жобалар шеңберінде – 34 мың адам жұмыспен қамтылды.