
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ведомство ұжымына Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің (ХӘҚСРБК) жаңа төрағасы болып тағайындалған Илья Скубты таныстырды. Еңбек министрлігінің басшысы оның жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар негізгі міндеттерді атап өтті: зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыру, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптаманың (МӘС) аумақтық бөлімдері жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және жетекшілік ететін салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту.
Скуб Илья Васильевич 1987 жылы Целиноград қаласында дүниеге келген. Қаржы полициясы академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы Астана қаласының қаржы полициясы органдарында бастап, онда 2015 жылға дейін қызмет еткен.
2015-2016 жж. – «Vasil Sport» ЖШС (Астана қ.) заңгері болған.
2016 жылдан 2019 жылға дейін «Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ әлеуметтік мекемелердің қызметін және арнаулы әлеуметтік қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.
2019 жылдан 2025 жылға дейін «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысының орынбасары, кейіннен басшысы лауазымдарын атқарды.