
Алматыда Almaty Management University базасында ITMLab жобасының екінші маусымына арналған Pitch Day – финалдық кезеңі өтті. Жоба аясында инклюзивті технологиялық шешімдер әзірленіп, нәтижесінде 10 команда жеңімпаз атанып, әрқайсысы өз прототиптерін әзірлеу мен жетілдіруге 600 000 теңге көлемінде грант иеленді.
ITMLab 2.0 жобасы «ITeachMe» қорының бастамасымен, «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесі серіктестігімен және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық технологияларды құру және енгізу.
Екінші маусым 2025 жылдың шілде айында онлайн-хакатон форматында басталып, елдің барлық өңірінен 200-ден астам өтінім қабылданды. Қыркүйек айында өткен Intro Day іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 21 үздік команда трекинг бағдарламасына өтіп, менторлардың жетекшілігімен өз жобаларын жетілдірді.
Pitch Day барысында финалистер өздерінің технологиялық шешімдерін министрлік, «Шеврон» компаниясы және IT-сала өкілдерінен құралған сарапшылар алқасына таныстырды. Жобалар реабилитация, қолжетімді орта қалыптастыру, жұмыспен қамту және мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтену салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.
Питч-сессияның қорытындысы бойынша қазылар алқасы ең үздік 10 команданы анықтады. Әр команда инклюзивті технологиялар прототиптерін әзірлеуге арналған 600 000 теңге көлеміндегі грантқа ие болды.
ITMLab жобасының қатысушылары – Қазақстанның әр өңірінен келген жас әзірлеушілер, инженерлер, дизайнерлер және жас кәсіпкерлер. Олардың идеялары қолжетімділік, инклюзивті білім беру, жұмыспен қамту және реабилитация салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Нәтижесінде төмендегі жобалар жеңімпаз деп танылды:
Ai-komekshi – мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамтуға арналған жасанды интеллект негізіндегі бейімделген платформа;
Ceolina – аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалардың әлеуметтік және эмоционалдық дағдыларын дамытуға арналған интерактивті арт-терапиялық платформа;
MindShield – саусақ қозғалысын талдай отырып, Паркинсон ауруын ерте анықтауға арналған AI-платформа;
Mila4AI – ауыр сөйлеу бұзылыстары бар балаларға логопедиялық көмекке қолжетімділікті кеңейтетін инновациялық шешім;
Samga – мүгедектігі бар балаларға арналған интерактивті терапиялық ойындары бар веб-платформа;
Future IT – көру қабілеті төмен адамдар үшін мәтінді танып, оны нақты уақыт есебімен дыбыстайтын смарт-очки;
NIS CaseX – көру қабілеті төмен адамдардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін жасанды интеллект пен 3D дыбыс жүйесі бар таяқ;
MadZhan – есту қабілеті бұзылған адамдардың қауіпсіз навигациясы мен коммуникациясын жеңілдететін смарт-очки;
Calvados – қозғалысы шектеулі пайдаланушыларға арналған ауызбен басқарылатын компьютерлік тінтуір;
NextAbility – кресло-арба мен сандық құрылғыларды басқаруға мүмкіндік беретін AI элементтері бар интерактивті ауыз қуысына арналған капа.
Барлық ұсынылған шешімдер заманауи жасанды интеллект, робототехника және сенсорлық жүйелер технологиялары негізінде әзірленген. Олардың мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын, дербестігін және қоғамға қатысу деңгейін арттыру.
ITMLab жобасы мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдарды біріктіретін инклюзивті инновациялар экожүйесін дамытудың ұлттық алаңына айналды. Келесі кезең – Demo Day, ол 2026 жылдың қаңтар айында Астанада өтеді. Бұл шарада финалистер өздерінің дайын өнімдерін әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге таныстыратын болады.