
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Аскарбек Ертаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында елдегі қазіргі көші-қон ахуалы және 2023–2027 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру барысы жөнінде баяндады.
«Көші-қонның оң сальдосы соңғы үш жыл бойы сақталып келеді: 2023 жылы +9 344 адам, 2024 жылы +17 164 адам, 2025 жылы +7 700 адам. 2025 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша көші-қон сальдосы +7,7 мың адамды құрады. Елге 11,3 мың адам келіп, 3,5 мың адам кеткен.
Елге келушілердің негізгі бөлігі ТМД елдері мен Қытай Халық Республикасынан келеді», – деді Аскарбек Ертаев.
Вице-министрдің айтуынша, 2023 жылдан бері шетелге жұмыс істеу мақсатында шығатын қазақстандықтардың саны азайып келеді.
Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында шетелде 156,7 мың отандасымыз жұмыс істеп жүр. Қазақстандықтардың басым бөлігі Ресей Федерациясында – 128,8 мың адам, Корея Республикасында – 15,2 мың адам, Польшада – 2,6 мың адам, ал Ұлыбританияда – 1,4 мың адам еңбек етеді.
«Шетелде жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында өткен жылы Қазақстан мен Катар үкіметтері арасында осы елдегі қазақстандық жұмыскерлерді еңбекке орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қойылды. Ал биылғы жылдың басында Ұлыбританиямен еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы жасалды.
Қазіргі уақытта осындай келісімдер мен меморандумдарды Оңтүстік Кореямен, Сауд Арабиясымен, БАӘ-мен, Словакиямен, Жапониямен, Швециямен, Италиямен, Норвегиямен, Польша, Чехия, Румыния және Финляндиямен жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстанда шамамен 400 жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі (ЖЖА) шетелде қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастырумен айналысады. Олардың қызметін реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленді», – деді Аскарбек Ертаев.
Аймақтар арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті азайту мақсатында еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда.
Солтүстік және оңтүстік өңірлер арасындағы көші-қонның теріс сальдосы төрт есеге азайды (2019 жылы -53 мың адамнан 2024 жылы -13 мың адамға дейін).
«2025 жылдың тоғыз айында ішкі көші-қон үдерістеріне 383 мың адам қатысты. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ішкі көшіп-қонушылар саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,8%-ға артты (306,8 мың адам).
Ішкі көші-қон ағындарының негізгі орталықтары ретінде мегаполистер қалып отыр, олардың үлесіне жалпы ішкі көші-қонның 51,2%-ы тиесілі», – деді ол.
2017 жылдан бері еңбек ресурстары артық өңірлерден еңбек ресурстары тапшы аймақтарға 64,6 мың адам қоныс аударды, олардың 28,6 мыңына тұрақты жұмыс орындары ұсынылды.
Еңбек иммиграциясы бағыты бойынша биыл шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға арналған квота 19,4 мың бірлік көлемінде белгіленді, оның ішінде 14,7 мың шетелдік қызметкерді заңды тұлғалар нақты жұмысқа тартқан.
Еңбек мигранттарының негізгі шыққан елдері мыналар: Қытай – 5 330 адам, Өзбекстан – 2 682 адам, Түркия – 1 046 адам.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдік жұмыскерлердің басым бөлігі келесі салаларда еңбек етеді: құрылыс – 4 929 адам, ауыл шаруашылығы – 3 140 адам, тау-кен өндіру өнеркәсібі – 1 240 адам.
Үй шаруашылықтарына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы жалпы жұмыс күшінің 2,9%-ы деңгейінде немесе 237,8 мың бірлік көлемінде белгіленген. 2025 жылғы 1 қазанға дейін бұл санаттағы еңбек қызметін 132,5 мың адам: Өзбекстаннан – 124,1 мың, Тәжікстаннан – 7,1 мың, Әзербайжаннан – 1,2 мың адам жүзеге асыруда.
Аскарбек Ертаев еңбек көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндады.
«Маусымдық шетелдік жұмыскерлерге арналған кәсіптер тізбесі 6-дан 10-ға дейін кеңейтілді, оған құрылыс, абаттандыру және қызмет көрсету салаларындағы біліктілігі төмен жұмыскерлер де енгізілді. Шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 0,2%-дан 0,25%-ға дейін ұлғайтылды, ал еңбек иммигранттарына арналған квота 3%-дан 2,95%-ға дейін төмендетілді. Сонымен қатар заңды тұлғаларға шетелдік азаматтардың арасынан бірінші басшылар мен олардың орынбасарларын тарту санына шектеу қойылды – әрбір лауазым бойынша 1 адамнан артық болмауы тиіс.
Шетелдік тәлімгерлерге қойылатын талаптарды кеңейту және қазақстандық жұмыскерлерді даярлау сапасын арттыру мақсатында Тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілуде.
Алдағы уақытта шетелдік жұмыс күшін және еңбек иммигранттарын тарту тетіктерін қайта қарау, сондай-ақ ШЖК квоталау рәсімдерін жетілдіру жоспарлануда», – деді вице-министр.
Сондай-ақ Аскарбек Ертаев тарихи отанына қоныс аударатын этникалық қазақтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
2025 жылы тарихи отанына 11 012 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 159,1 мың этникалық қазақ көшіп келген.
2025 жылғы 1 қазанға дейінгі дерек бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 6 431 адамды (58,4%), кәмелетке толмағандар – 3 607 адамды (32,8%), зейнеткерлер – 974 адамды (8,8%) құрайды.
Білім деңгейі бойынша: жоғары білімі барлар – 979 адам (15,3%), арнаулы орта білімі барлар – 1 828 адам (28,4%), жалпы орта білімі барлар – 3 253 адам (50,6%) және білімі жоқтар – 159 адамды (3%) құрайды.
Этникалық қазақтардың қоныстандыру аймақтарына көшуінде оң динамика байқалады – 2025 жылы елге келгендердің 23%-ы (2 443 адам) аталған өңірлерге орналасты.
«Қандастардың бейімделу тиімділігін арттыру және өмір сүру жағдайларын жақсарту мақсатында келесі шаралар жүзеге асырылуда: қандас мәртебесін ұзарту тәртібі жеңілдетілді, өңірлерде қандастарды жұмыспен қамту және бейімдеу жөніндегі бағдарламалар бекітілді.
Сонымен қатар, Қазақстанға келу, тұру және интеграциялау рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған «Ата жолы» картасының иелерін ынталандыру шаралары әзірленіп жатыр», – деді Аскарбек Ертаев.
Вице-министр көші-қон процестерін реттеу жүйесін цифрландыру мәселелеріне де тоқталды.
«Көші-қон үдерістерін реттеу мақсатында migration.enbek.kz порталы құрылды. Ол шетелдік азаматтарды бірыңғай тіркеуді және көші-қон ағындарын мониторингтеуді қамтамасыз етеді.
2024 жылдан бері 15 цифрлық қызмет енгізілді. Ал 2025 жылы үш жаңа қызмет: материалдық көмек алу туралы өтініш беру, қоныс аударушыларды қабылдау жөніндегі өңірлік квотаға енгізу, электрондық форматта әлеуметтік келісімшарт жасау іске қосылды. Қосымша тағы 5 жаңа қызметті мобильді қосымшада іске қосу жоспарланып отыр», – деді ол.
Өз сөзінің соңында Аскарбек Ертаев Көші-қон саясаты тұжырымдамасын одан әрі жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндады.
«Бірінші бағыт – көші-қон ағындарын есепке алу жүйесін жетілдіру. Бұл мақсатта ел ішінде және шетелде көші-қонды есепке алудың Бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу көзделіп отыр.
Enbek.kz экожүйесін «Ұлттық білім беру деректер қоры» ақпараттық жүйесі және басқа да жүйелермен интеграциялау жоспарлануда. Бұл мектеп түлектері мен «Серпін» грант иегерлері туралы деректерді алу, сондай-ақ олардың «Дипломмен ауылға», «Ауыл аманаты», «Инновациялық навигатор» бағдарламалары бойынша жұмыспен қамтылуын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жауапты мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі.
Екінші бағыт – сыртқы көші-қонды басқару тетіктерін жаңғырту. Сыртқы көші-қон ағындарының өзгерістері олардың ауқымы мен қарқындылығын бағалау тұрғысынан талданады. Сонымен қатар, салалық жүйелер мен инфрақұрылымның ықтимал сын-қатерлерге дайындық деңгейіне терең талдау жүргізіледі. Иммигранттарға арналған бейімдеу курстарының бірыңғай стандарттары енгізіледі.
Үшінші бағыт – еңбек көші-қонын ынталандыру және реттеу. Кәсіпкерлікті дамыту және өңірлерде тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірлесіп, мобильді кәсіпкерлікті дамыту тетіктері әзірленеді. Бұл кәсіпкерлерге тіркелген жерінен тыс бизнес ашу, жүргізу және кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шетелде тұратын отандастармен тұрақты байланыс орнатуға арналған тұрақты коммуникациялық арналар қалыптастырылады», – деп түйіндеді вице-министр.