
Ташкент қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі Консультативтік кеңесінің 38-ші отырысы өтіп жатыр. Отырыста Түрікменстанның төрағалық ету кезеңіндегі жұмыстың қорытындылары шығарылып, кең ауқымды мәселелер талқыланды. Онлайн режимінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай қатысып, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету саласындағы Қазақстан тәжірибесімен бөлісті.
Отырыста Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан мемлекеттік органдарының, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитеті мен серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Виктория Шегай Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек жағдайы, белсенді ұзақ өмірді дамыту бойынша қабылданған шаралар, егде жастағы азаматтардың мүддесінде жүргізіліп жатқан жұмыстар және Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қорғау туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар, вице-министр ерекше қажеттіліктері бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін жан-жақты баяндады. Ол Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдарды қоғамға интеграциялау Стратегиясы мақсаттарына қол жеткізуге, БҰҰ мүгедектер құқықтары туралы Конвенциясы мен оған қосымша Факультативтік хаттама шеңберінде өз міндеттемелерін орындауға күш салатынын атап өтті. ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік қолдау әділетті қоғам құру, тең құқықтылық және әлеуметтік қорғау саласында адам құқықтарын шектеуге жол бермеу принциптері негізінде көрсетіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданды. Оның мақсаты – мүгедектікті әлеуметтік құбылыс ретінде мойындау негізінде инклюзивті саясатты жүзеге асыру, дәстүрлі әлеуметтік және медициналық модельдерден әлеуметтік-құқықтық модельге концептуалды өту», – деді Виктория Шегай.
Тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарына теңдік, құқықтық қорғалу, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және оңалту шараларына қолжетімділік, әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру сияқты 13 негізгі бағыт бойынша 52 іс-шара енгізілген.
Вице-министр осы іс-шараларды іске асыру барысы, соның ішінде мүгедектігі бар балаларды оңалту бойынша пилоттық жобалар, мүгедектігі бар адамдарға кейбір техникалық құралдарды ақысыз пайдалану және қайтару шартымен қамтамасыз ету, Әлеуметтік қызметтер порталын дамыту, сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істейтін Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің рөлін күшейту туралы баяндады.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі Консультативтік кеңесінің келесі отырысы 2026 жылғы екінші жартыжылдықта өткізілуі жоспарланып отыр.