
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвар 2025–2027 жылдарға арналған ерте жастағы балаларды дамыту және ерте араласу жөніндегі «Сәтті бастау» кешенді жоспарына қол қойды. Қол қою рәсімі «Қазақстандағы әр бала үшін – ең үздік бастау» атты халықаралық конференция аясында өтті. Іс-шараға Австралия, Ұлыбритания, Ирландия, Мальта, Молдова және Түркиядан келген халықаралық сарапшыларды қоса алғанда, 200-ден астам адам қатысты.
Кешенді жоспар алты негізгі бағытты қамтиды: нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, салааралық үйлестіруді күшейту, кәсіби құзыреттерді дамыту, мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттыру, тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету және ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қоса алғанда, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі дағдыларын қолдауы. Құжатта ведомствоаралық өзара іс-қимылдың Бірыңғай цифрлық платформасын дамыту, қызметтер мен бағдарламалардың сабақтастығы стандарттарын енгізу, сондай-ақ ата-аналардың психикалық және әлеуметтік әл-ауқатын қолдауға бағытталған шаралар қарастырылған.
Өз сөзінде Светлана Жақыпова конференцияға қатысушыларға алғысын білдіріп, барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде мемлекет пен халықаралық серіктестердің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Министр елімізде бала тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдаудың көпдеңгейлі жүйесі іске асырылып жатқанын, оның мақсаты – туу көрсеткішін ынталандыру және ата-аналық жауапкершілікті қолдау екенін айтты.
Оның айтуынша, бүгінде 2,2 миллионнан астам балалы отбасы республикалық бюджет пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер алады. Мемлекет баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақы, жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейін ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ жұмыс істейтін ата-аналарға жүктілік пен босануға, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер төлеуді қамтамасыз етеді. 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы енгізіліп, олардың саны осы кезге дейін 2,4 есеге артып, 604,5 мыңға жетті.
«Біздің мақсатымыз – тек материалдық қолдау көрсету емес, сонымен қатар Қазақстандағы әрбір баланың өмірінің алғашқы жылдарынан бастап толыққанды дамуына жағдай жасау», – деді Светлана Жақыпова.
Министр сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды қолдау шаралары туралы айтты. Бұл бағытта оңалтудың техникалық құралдары мен арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивтік саясат тұжырымдамасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қатысуымен үй жағдайында инновациялық техникалық құралдарды пайдалана отырып, мүгедектігі бар балаларды оңалтудың пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.
Спикерлер өз сөздерінде конференция мен қол қойылған құжаттың балаларды жан-жақты және тиімді дамытуға бағытталған бірлескен күш-жігерді одан әрі жетілдіру үшін маңызды екенін атап өтті.
Конференция екі күнге созылады және ерте жастағы балаларды дамыту саласындағы үздік халықаралық тәжірибелермен алмасу мен пікірталас алаңына айналады.