
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова барша қазақстандықтарды маңызды мемлекеттік мереке – Республика күнімен құттықтап, зор денсаулық, бақыт, бейбітшілік пен амандық тіледі.
«Құрметті отандастар! Сіздерді шын жүректен Қазақстан Республикасының Республика күнімен құттықтаймын!
25 қазан – еліміздің тарихындағы маңызды күндердің бірі. Себебі дәл осы күні, 1990 жылы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Онда алғаш рет аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмаушылығы, халықтар мәдениеті мен олардың тілдерін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидаттары бекітілді.
Бұл мереке – көпұлтты халқымыздың бірлігі мен достығының, тарихи қауымдастығымызды және республиканың елеулі әлеуетін түсінудің, әрқайсымыздың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіміздің символы.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін әрқашан мерзімінде және толық көлемде орындап келеді. Елімізде жыл сайын зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшері артуда, халықты жұмыспен қамту үшін белсенді шаралар іске асырылып, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Барша қазақстандықтарды маңызды мерекемен құттықтай отырып, сіздерге ашық аспан, татулық пен тұрақтылық, әр отбасыға бақыт пен амандық тілеймін! Сіздерге Мықты денсаулық, жақсылық пен табыс серік болсын!» – делінген Светлана Жақыпованың құттықтауында.