
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға министрліктің орталық аппараты мен аумақтық департаменттерінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және министрлік ардагерлері қатысты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, әлеуметтік-еңбек саласын дамытуға қосқан еңбектері үшін алғыс айтты.
«Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қоғамның ең ізгі құндылықтары – қамқорлық, мейірімділік және жанашырлық – сіздердің күнделікті еңбектеріңізде айқын көрініс табады. Сіздер өмірдің қиын жағдайына тап болған азаматтарға қолдау көрсетіп, адамдардың жүрегіне жылулық пен сенім ұялатасыздар.
Әлеуметтік саланың дамуы – ел тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқатының кепілі. Сіздердің табандылық пен кәсібилікпен көрініс тапқан еңбектеріңіздің арқасында еліміздің әлеуметтік саясаты табысты жүзеге асуда. Сіздердің еңбектеріңіз елдің әлеуметтік тұрақтылығына және халықтың әл-ауқатына тікелей ықпал етеді. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық береке, еңбекте табыс және жаңа жетістіктер тілеймін!», – деді Светлана Жақыпова.
Іс-шара барысында әлеуметтік-еңбек саласының ардагерлері, аумақтық департаменттердің қызметкерлері, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшелері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен – 4 адам, «Ерен еңбегі үшін» – 21 адам, «Шапағат» – 3 адам, «Еңбек ардагері» – 3 адам медальдарымен, сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің құрмет грамоталарымен – 3 адам марапатталды.