
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бірінші вице-министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен «Еңбек жолы» конкурсының республикалық комиссиясының отырысы өтіп, оның барысында байқау жеңімпаздары анықталды.
«Еңбек жолы» конкурсының мақсаты – өнімді еңбекті ынталандыру, жұмысшы мамандықтарын жастар арасында насихаттау және еңбек әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады.
Байқау жыл сайын екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейлерде өткізіледі және үш номинация бойынша: «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаттары көп және әулет мүшелері саны ең көп отбасы; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – конкурсқа қатысу үшін құжат тапсырған сәтте еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер; «Өндірістің үздік жас қызметкері» – еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді әрі еңбекқор жас қызметкер таңдалып, жеңімпаздар анықталады.
Биыл конкурсқа қатысу үшін жергілікті атқарушы органдарға республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 облыстан 546 өтінім түсті. Конкурстың өңірлік кезеңі ағымдағы жылдың шілде айында аяқталып, оның қорытындысы бойынша 60 номинант республикалық кезеңге жолдама алды. Олардың арасынан республикалық комиссия мүшелері үш номинация бойынша 9 жеңімпазды таңдады.
Комиссия құрамына ҚР ЕХӘҚМ-нің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басқарма басшысы Ұлжан Қалымұратқызы, «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ Адам капиталы және еңбек қатынастары департаментінің директоры Айман Құсайынова, Қазақстан еңбек конфедерациясы төрағасының орынбасары Бақыт Қаппаров, «Paryz» ҚР жұмыс берушілер Ұлттық конфедерациясының PR және коммуникациялар департаментінің директоры Дина Оразымбетова, «Республикалық тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің стратегиялық коммуникациялар департаментінің директоры Жанна Турабаева, сондай-ақ «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» кәсіподақтар республикалық қауымдастығының төрағасы Андрей Пригорь кірді.
Айта кетейік, «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты осы жылдың желтоқсан айында Жұмысшы мамандықтарының жылын жабуға арналған іс-шара аясында өтеді.