ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық Азия үйлестіру кеңсесінің басшысы және Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Елдік кеңсесінің өкілі Джерен Гувен Гуреспен кездесті. Кездесу барысында тараптар ұйымдардың ағымдағы жұмысы мен алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Еңбек министрі Джерен Гувен Гуресті жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, министрліктің БҰҰ жүйесінің ұйымдарымен тығыз өзара іс-қимылы туралы атап өтті. Оның ішінде «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен бірлесіп Қазақстанның гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту саласындағы стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі жұмыстың нәтижелеріне, сондай-ақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес бағытындағы кешенді қолдау шараларына тоқталды.
«Қазақстан гендерлік теңдік саласындағы негізгі халықаралық құжаттарды ратификациялады: Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы БҰҰ конвенциясы, Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасы.
Гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңдармен реттеледі, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданды», – деді Светлана Жақыпова.
Ол сондай-ақ елімізде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейтінін атап өтті. Ел заңнамасында қызметкерлердің еңбекке тең ақы алу құқығы, яғни бір кәсіп немесе бірдей лауазым бойынша жұмыс істейтіндерге жалақының тең болуы, кез келген кемсітушілікке жол бермеу қағидаттары көзделген. Бұл өз кезегінде ерлер мен әйелдердің еңбек құқықтарының теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) бірқатар конвенцияларын ратификациялауға мүмкіндік берді.
Светлана Жақыпова сондай-ақ қазақстандықтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру және Қазақстанның әлеуметтік әділеттілік жөніндегі ХЕҰ-ның жаһандық коалициясына қосылуы жөніндегі басқа да жұмыстар туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Джерен Гувен Гурес Орталық Азиядағы «БҰҰ-әйелдер» үйлестіру кеңсесінің ұйым мандатын өңірде іске асырудағы рөлі туралы хабарлады.
Кездесу барысында тараптар гендерлік теңдікті ілгерілету және Қазақстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын да талқылады.