Еңбек министрлігінде әлеуметтік қорғау саласын дамытудың Ұлттық ғылыми орталығының жұмысы және үздік әлеуметтік қызметкерлер мен жобалар байқауының нәтижелері талқыланды

Еңбек министрлігінде әлеуметтік қорғау саласын дамытудың Ұлттық ғылыми орталығының жұмысы және үздік әлеуметтік қызметкерлер мен жобалар байқауының нәтижелері талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Светлана Жақыпованың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі Ұлттық ғылыми орталықтың (бұдан әрі – ҰҒО) 2025 жылдың 9 айындағы қызметінің қорытындылары мен «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауының нәтижелері қаралды.

ҰҒО-ның 9 айда атқарған жұмысы жөнінде орталықтың бас директоры Қанат Тезекбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, есепті кезеңде еліміз бойынша 8 983 адамға күрделі протездік-ортопедиялық бұйымдар берілген.

Балаларға арналған оңалту жұмыстары ерекше назарда. Атап айтқанда, кохлеарлық имплантациядан кейінгі есту протездеуі мен есту-сөйлеу оңалтуының кешенді қызметтерімен 1,8 млрд теңге сомасына 1 045 адам қамтылған. Бұл шаралар есту қабілеті бұзылған балалардың толыққанды дамуына және қоғамға бейімделуіне жол ашады.

«Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасы аясында үлкен серпіліс болды. Қазіргі таңда оңалтудың инновациялық техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ) қолданушылардың жалпы саны – 403 баланы құрайды, олардың ішінде: 328 бала – үй жағдайында; 13 бала – оқыту кезеңінде; 62 бала – үй жағдайының болмауына байланысты оңалту орталықтарында оңалтудан өтуде.

«Үй жағдайында оңалтудың әлеуметтік тиімділігі жоғары екені дәлелденіп отыр. Инновациялық ОТҚ-ны қолдану нәтижесінде 301 балада нақты оң өзгерістер байқалды – бас ұстау, отыру, еңбектеу, тұру және жүру дағдылары дамып келеді», – деді өз баяндамасында Қанат Тезекбаев.

Сонымен қатар ҰҒО ғылыми және білім беру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. 9 айдың ішінде орталық қызметкерлері оңалту бойынша 6 жаңа клиникалық хаттама әзірледі және 22 ғылыми мақала жариялады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік сала мамандарына арналған оқыту ұйымдастырылып, 1902 әлеуметтік қызметкердің кәсіби біліктілігі танылды. Бұл шара қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Кеңесте ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Ғазиза Иманғали «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» байқауының қорытындылары бойынша баяндама жасады.

Оның айтуынша, биыл байқауға еліміздің барлық өңірінен 1041 өтінім келіп түскен, оның 1029-ы байқауға жіберілді. Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша 129 үздік маман мен жоба финалға өтті.

«Байқау біздің әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейінің жоғары екенін ғана емес, сондай-ақ шығармашылық әлеуеті зор екенін көрсетті. Қатысушылар өз бейнежұмыстарында өздерінің еңбек жолын, қамқорлығындағы жандармен жылы қарым-қатынасын, болашаққа жоспарларын және бұл күрделі жұмысты отбасылық өмірмен қалай үйлестіріп жүргенін көрсете білді. Бұл – мейірімге толы жүрек пен шынайы мамандық иелері жайында баяндау», – деді Газиза Иманғали.

Алдағы күндері республикалық комиссия 7 номинация бойынша байқау жеңімпаздарын анықтайды.

Кеңес қорытындысында Светлана Жақыпова әлеуметтік саладағы ғылыми және әдістемелік жұмысты одан әрі күшейту бойынша бірқатар тапсырма беріп, кәсіби байқаулар өткізудің әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттырудағы маңыздылығын атап өтті.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты 24 қазанда – Қазақстанда қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында өтеді.