С. Жақыпова ҮЕҰ өкілдерімен әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелерін талқылады

С. Жақыпова ҮЕҰ өкілдерімен әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелерін талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкіметтік емес ұйымдардың (бұдан әрі – ҮЕҰ) өкілдерімен кездесу өткізді. Диалог барысында министрліктің 2025 жылдың 9 айындағы қызметі туралы баяндама жасалды. Шынайы мұқтаж азаматтарға қолдау шараларын көрсетудің жаңа тәсілдері, еңбек құқықтарын қорғау, жұмыспен қамту, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қарастырылды.

Іс-шараға офлайн және онлайн форматта еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі Республикалық үйлестіру кеңесінің және Еңбек министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ еліміздің түрлі өңірлерінен келген ҮЕҰ басшылары мен өкілдері – жалпы 170-ке жуық адам қатысты.

Өз сөзінің басында Светлана Жақыпова әлеуметтік-еңбек саласын дамыту шеңберінде министрлік Мемлекет басшысы мен Үкімет жүктеген барлық міндеттерді жүйелі түрде және белгіленген мерзімде орындап жатқанын атап өтті.

«Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақытылы және толық көлемде орындалуда. Жыл басынан бері барлық әлеуметтік төлемдерге индексация жүргізілді, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Мемлекеттік қолдаудың атаулылығын күшейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде – көмек шын мәнінде мұқтаж адамдарға жетуі тиіс.

Бүгінде 4,5 миллион азамат әлеуметтік төлемдермен қамтылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджеті 6 триллион теңгені құрайды, оның 4,4 триллионы игерілді», – деді министр.

Ол еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау аясында 43 мыңға жуық жұмыскердің құқықтары қорғалғанын хабарлады. Жұмыс берушілер жалақы бойынша 1,8 миллиард теңгеден астам берешекті өтеген.

Еңбек қауіптері картасы бойынша тұрақты негізде мониторинг жүргізіліп отырады, 3,2 мыңнан астам кәсіпорын жоғары қауіп-қатер аймағынан шығарылды.

Өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 5,4%-ға азайды. Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын 110 мың кәсіпорын жасасқан.

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде 4,2 миллион немесе жалдамалы жұмыскерлердің 93%-ы тіркелген.

«Мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуы – бұл жай ғана әлеуметтік жауапкершілік мәселесі емес, сонымен қатар қоғамның орнықты дамуының маңызды құрамдас бөлігі. Бүгінде түрлі экономика салаларында 112 мың мүгедектігі бар адам немесе еңбекке қабілетті жастағылардың 30%-ы жұмыспен қамтылған.

Жұмыспен қамту орталықтарына жұмыссыз ретінде шамамен 15 мың адам жүгінді. Карьералық орталықтар арқылы 17 мыңнан астам адам, оның ішінде 7 мыңнан астамы – субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды. Өз ісін дамыту үшін 1 400 мүгедектігі бар адамға өтеусіз гранттар берілді», – деп мәлімдеді министр.

Светлана Жақыпова уақытша жұмыспен қамту және болашақта тұрақты жұмысқа орналасу үшін субсидияланатын жұмыс орындарының маңызды құрал екенін атап өтті. Соңғы 3 жылда бұл жұмыс орындарына 540 мыңнан астам адам орналастырылса, оның ішінде 25 мыңнан астамы немесе 4,7%-ы – мүгедектігі бар азаматтар.

Алайда, кейіннен қатысушылардың тек 41%-ы ғана тұрақты жұмыс тапқан. Осыған байланысты жыл сайын әр адам бір ұйымдағы субсидияланатын жұмыс орындарына қайта-қайта орналаса береді.

Бұдан бөлек, субсидияланатын жұмыс орындарының барлық түрлерін іске асыру кезінде бюджет қаражатын жымқыру және тиімсіз пайдалану фактілері анықталуда.

«Бюджет қаражаты тек мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. Субсидияланатын жұмыс орындары – бұл жұмыс берушілерді қолдау емес, халықтың әлеуметтік осал топтардағы жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсету құралы екенін түсінетін уақыт жетті. Осы себепті министрлік оларды ұйымдастыру шарттарын қайта қарастырды. Енді бұл процесс толықтай автоматтандырылады. Жұмыс берушілер тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге міндетті болады, сондай-ақ жұмыс орындарын құру лимиті – кәсіпорындағы жұмыскерлердің жалпы санының 10%-ынан аспауы тиіс. Егер жұмыс берушілер мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлерін алып отырса, олар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатыса алмайды. Бұл жаңашылдықтар субсидияланатын жұмыс орындарының тиімділігін арттыруға, тұрақты жұмыспен қамтуға және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бағытталған», – деді министр.

 Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға ҮЕҰ-ның қатысу үлесі – 2,8%-ды құрайды. 2024 жылы барлығы 66 мыңға жуық шарт жасалған болса, оның 1 817-сі – ҮЕҰ. Жалпы 188 мыңнан астам адам, оның ішінде ҮЕҰ арқылы – 6,5 мың адам немесе 3,5% жұмыспен қамтылды.

Министр мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралардың жүзеге асырылуы туралы да айтып өтті.

Біріншіден, медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін трансформациялау жұмыстары жүргізілуде.

Белгілі бір нозологиялар бойынша мүгедектікті қашықтықтан, проактивті форматта белгілеу белсенді жүзеге асырылуда – 9 ай ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 79 мыңға жуық өтінім қаралды.

Биылдан бастап мүгедектікті қашықтықтан проактивті түрде белгілеу үшін тәуелсіз сарапшылар институты енгізілді. Бүгінде денсаулық сақтау ұйымдарынан 63 салалық маман тартылып, олар 40 мың істі қарады.

«2025 жылғы 1 шілдеден бастап ағзаның қайтымсыз өзгерістері бар кейбір нозологиялар бойынша мүгедектікті белгілеудің арнайы механизмі енгізілген пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұған аяқ-қолдың ампутациясы, Даун синдромы, балалардағы мукополисахаридоз сияқты жағдайлар кіреді. Процедуралар барынша жеңілдетіліп, қарау мерзімі бір жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Алдағы уақытта мүгедектікті белгілеу кезінде баллдық жүйе мен жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Мүгедектік санаты, себебі мен мерзімін автоматты түрде айқындай алатын жүйені әзірлеу көзделуде.

Ұсынылып отырған шаралар мүгедектікті белгілеудің бірыңғай тәсілін енгізуге бағытталған. Бұл сапаны арттырып, процесті оңтайландыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Екіншіден, қызметтермен және оңалтудың техникалық құралдарымен (бұдан әрі – ОТҚ) қамтамасыз етуді жақсарту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылуда.

«Қымбат тұратын оңалтудың техникалық құралдарымен (бұдан әрі – ОТҚ) қамтамасыз етуді жақсарту және уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында мүгедектігі бар адамдарға ОТҚ-ын уақытша пайдалану және кейін қайтару шартымен беру тетігін енгізу жоспарлануда. Пилоттық жоба Шымкент қаласында, Абай және Павлодар облыстарында іске асырылады.

Сонымен қатар әлеуметтік-техникалық сараптама қызметін енгізу көзделуде. Бұл қызмет оңалту құралдарының тозу деңгейін, оларды ауыстыру қажеттілігін және мұқтаждық деңгейін бағалауды айқындайтын болады», – деп хабарлады Еңбек министрлігінің басшысы.

Үшіншіден, заңнамалық деңгейде инватакси қызметін Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсыну қарастырылған. Биылғы тамыз айында көлік министрлігі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің тиісті бұйрықтарына қажетті өзгерістер енгізілді.

Инватакси қызметін Портал арқылы алу мүгедектігі бар адамдарға өз қажеттіліктеріне сәйкес жеткізушіні өз бетінше таңдауға, жеткізушілердің санын арттыруға, қызметті есепке алу және көрсету процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Төртіншіден, әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау аясында 2025 жылдың басынан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсету орталықтарының қызметін лицензиялау енгізілді. Бүгінгі күні 93 мыңнан астам адамды қамтыған 578 лицензия берілді.

«Сондай-ақ, постлицензиялық бақылау тетігі енгізілуде. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын жан басына қаржыландыруға көшіру бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда 292 орталықпен шарттар жасалды», – деп толықтырды Светлана Жақыпова.

Министр әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтып өтті.

«11 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер Skills Enbek кәсіби оқыту платформасында курстарды сәтті аяқтап, сертификаттар алды. Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін тану орталығының базасында 2,1 мың адам біліктілігін растады. Әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі қалыптастырылып, әлеуметтік қорғау саласына арналған жаңа кәсіби стандарттар қабылданды», – деп мәлімдеді министр.

Еліміздің 12 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға арналған заманауи, жоғары технологиялық оңалту орталықтарын салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл орталықтардың базасында көрсетілетін қызметтер азаматтардың тұратын жеріне қарамастан қолжетімді болады деп жоспарлануда.

Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар нысандарды бейімдеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Толық ақпарат Қолжетімділік интерактивті картасында (inva.gov.kz) орналастырылған. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 24 мыңға жуық нысан немесе барлық нысандардың 56%-ы толық бейімделді.

Сөзінің соңында Светлана Жақыпова Еңбек министрлігі әрдайым ашық диалогқа және ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.

Сондай-ақ, кездесу барысында министр ҮЕҰ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.