Бүгін – Халықаралық қарттар күніне орай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин елордада тұратын еңбек ардагерлерін арнайы барып құттықтады.
Олжас Анафин Социалистік Еңбек Ері Валентин Петрович Щербаков пен еңбек ардагері, тыл ардагері Роза Иманғалиевна Асылбекованың шаңырағында болды.
Вице-министр ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, олардың еліміздің дамуына қосқан ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен өлшеусіз үлесіне алғыс айтты. Ол қарттарға зор денсаулық, ұзақ өмір, амандық-саулық тілеп, мерекелік сыйлықтар табыс етті.
«Сіздердің өмір жолдарыңыз, табандылықтарыңыз бен елге адал қызметтеріңіз – бәрімізге үлгі. Аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсету, олардың лайықты қарттық кезеңін қамтамасыз ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі. Министрлік алдағы уақытта да ардагерлер мен зейнеткерлердің өмір сапасын жақсартуға бар күшін салады», – деді Олжас Анафин.
Валентин Петрович Щербаков – Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Ленин орденінің иегері, тың және тыңайған жерлерді игеру ісінің ардагері. Ол бүкіл еңбек жолын көлік саласына арнап, ауыр жүк автопойыздарын жүргізуде шеберлігімен танылған маман.
Роза Иманғалиевна Асылбекова – еңбек ардагері, тыл ардагері, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі. Ол ұстаздықтан бастап қалалық білім бөлімінің басшылығына дейін көтеріліп, білім беру жүйесінің дамуына зор үлес қосты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барша қазақстандықтарды мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық пен амандық тілейді.