А. Биахметов Павлодар облысының тұрғындарымен кездесті

А. Биахметов Павлодар облысының тұрғындарымен кездесті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов жұмыс сапары аясында Павлодар облысына барып, өңір белсенділерімен және тұрғындарымен кездесу өткізді, сондай-ақ азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. 1 қазанда ол бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Павлодар қаласына келген бойда вице-министр ең алдымен облыс әкімдігінде өңір белсенділері және қоғам өкілдерімен кездесу өткізді. Асқар Биахметов халықты әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі. Президент атап өткендей, «еліміздің ең басты байлығы – адам». Сондықтан әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру – біздің басты мақсатымыз болуы тиіс. Ол жүйелі әрі нақты бағытталған болуы керек», – деді ол.

Вице-министр Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметі тарапынан қойылған міндеттердің зейнетақымен қамсыздандыру, балалы отбасылар мен аз қамтылған азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында іске асырылып жатқаны туралы баяндады.

«Әлеуметтік қолдаудың нысаналы сипаты күшейтіліп келеді. Оны тағайындау барысында тек отбасының табысы ғана емес, шығындары да ескерілуі қажет. Барлық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Бірыңғай ақпараттық жүйе қолданылады, сондай-ақ учаскелік комиссиялардың жұмысы цифрландырылды. Қабылданып жатқан шаралардың күтілетін нәтижесі – шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету», – деді Биахметов.

Вице-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мемлекеттік қолдау шараларын санаттық принциптен мұқтаждық критерийлеріне көшіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жаңа тәсілдер Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында сынақтан өткізілуде. Бұл әдістер жергілікті деңгейде көрсетілетін әлеуметтік көмектің нысаналығын және ашықтығын арттыруға бағытталған.

«Айта кету керек, біз мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік міндеттемелерді қысқартпаймыз. Өзгерістер зейнетақы, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайындағы және республикалық бюджеттен төленетін өзге де төлемдерге әсер етпейді», – деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ, ол мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қолдау – министрліктің маңызды бағыттарының бірі екенін айтты. Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан бөлек, «Amanat» партиясының Жол картасы аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.

«Павлодар облысында биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 914 нысан бейімделді. Алайда бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Жергілікті атқарушы органдар оның нақты орындалуын қамтамасыз етуі тиіс», – деді Биахметов.

Вице-министр өз сөзінде жұмыспен қамту шараларын іске асыру барысына да кеңінен тоқталды. Ол биылғы жылдан бастап есепке алу тәсілдері өзгергенін еске салды – жұмысқа орналасу фактілері міндетті түрде еңбек шарттары мен зейнетақы жарналары арқылы расталуы қажет.

«2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Павлодар облысында 16,8 мың адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 5,4 мыңы – субсидияланатын жұмыс орындарына, 4,3 мыңы – бос жұмыс орындарына, 6,4 мыңы – Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында, 717 адам – орталық мемлекеттік органдар жүзеге асырып жатқан жобалар аясында жұмысқа орналастырылды», – деп хабарлады вице-министр.

Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін өз ісін ашуға немесе кеңейтуге арналған қайтарымсыз гранттар қарастырылған.

Асқар Биахметов жұмыспен қамту саласына енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер туралы да айтып өтті. Атап айтқанда, Enbek.kz электрондық еңбек биржасында студенттерге өндірістік тәжірибеден өту орындарын іздеуге арналған функционал іске қосылды, сондай-ақ бос жұмыс орындарын таңдауға көмектесетін жасанды интеллект жүйесі енгізілді.

Сөз соңында вице-министр ішкі еңбек нарығын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде хабардар етті.

Одан кейін Асқар Биахметов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өңір тұрғындарының нақты сұрақтарына жауап берді.

1 қазанда жұмыс сапары аясында вице-министр «Павлодар құбыр илек зауыты» ЖШС, «Тандем Recycling» ЖШС және «Еуразия механикалық зауыты» ЖШС кәсіпорындарына барып, олардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізеді.