ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Абай облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен, қоғам өкілдерімен кездесу өткізіп, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысымен танысты және жергілікті БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Өңір тұрғындарымен, қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу Alikhan Bokeikhan University ғимаратында өтті. Кездесу барысында Асқар Биахметов мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары туралы баяндады.
«Бүгінгі таңда мемлекет өзіне алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындайды. Жыл басынан бері Абай облысында түрлі әлеуметтік қолдау шараларымен 209 мыңнан астам адам қамтылып, 175,3 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің басты міндетіміз – әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттырып, оны әділ және атаулы ету. Жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Министрлік бірқатар заңнамалық түзетулерді, оның ішінде ірі кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер құруды міндеттеу туралы бастамалар ұсынды», – деп атап өтті вице-министр.
Кездесу барысында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары да талқыланды. Атап айтқанда, жыл басынан бері облыста 15,3 мың адам жұмыспен қамтылса, соның ішінде 9,2 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған.
Халықпен кездесуден кейін Асқар Биахметов өңірдегі ірі өнеркәсіп кәсіпорындары – «СемАЗ» ЖШС және «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС машина жасау зауыттарына барды. Вице-министр өндірістік желілермен, автобустар, жүк және арнайы техникалар құрастыру технологиялық үдерістерімен танысты. Бұл кәсіпорындар – отандық автокөлік өндірісінің флагмандары, жүздеген жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өндірісті жергіліктендіру ісіне елеулі үлес қосып отыр.
Зауыттардың басшылық құрамымен және еңбек ұжымдарымен кездесу барысында вице-министр өндірісті одан әрі дамыту, сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек заңнамасының сақталуы және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
«Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және лайықты еңбек жағдайлары бар тұрақты жұмыс орындарын құру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. «СемАЗ» сынды кәсіпорындар өңір экономикасына елеулі үлес қосып қана қоймай, өз қызметкерлеріне әлеуметтік жауапкершілікпен қарайды. Министрлік тарапынан кадр даярлау мен өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Асқар Биахметов.
Сапар аясында вице-министр азаматтарды жеке қабылдау өткізіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың негізгі аспектілерін түсіндірді.
Сапар қорытындысы бойынша Асқар Биахметов жергілікті атқарушы органдарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және өңірде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар берді.